30.01.2023, 15:00

Алматы облысында 21 жастағы қызды еркінен тыс алып қашқан

Фото: stan.kz

Алматы облысы Ұйғыр ауданында 9 қаңтарда 21 жастағы қызды еркінен тыс алып қашқан, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы “NeМолчи” қорының негізін салушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі хабарлады.

Қызды ұрлағаннан кейін оны қорлап, ұрып-соғып, зорлық көрсеткен. Бойжеткен 28 қаңтарда қашып шыққан.

Ол 29 қаңтар 01:00 шамасында анасымен полицияға арыз жазады. Алайда олардың айтуынша, әлі сараптама әлі тағайындалмаған. Қыз айғақ іздері кетіп қалмас үшін тезірек сараптаманың тағайындалғанын күтеді.

Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов бұған пікір білдірді.

“Ұйғыр ауданының сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыс туралы өтініш тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта Ұйғыр ауданы ПД тергеушісінің тапсырмасы негізінде Талғар ауданы ПД қызметкерлері тергеу іс-шараларын жүргізуде”, – деді ол.

Әленов тергеу барысы өз бақылауында екенін айтты.