Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Орынбасары парамен ұсталған әкім министрлікке "көтеріліп" кетіпті

Президент Қ.Тоқаев "қызметкері парамен ұсталған басшыны жауапқа тартатын" заңға қол қойған болатын. Заң қайда сонда?

Орынбасары парамен ұсталған әкім министрлікке "көтеріліп" кетіпті
фото: instagram.com/makhabbatbigeldiev

Алматы облысы Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты кәсіпорынның директоры болып тағайындалды. Еске сала кетсек, ол орынбасары пара алды деген күдікке іліккен кезде әкімдік лауазымынан "өз еркімен" шығып кеткен еді, деп жазды paryz.kz.

Ол туралы желі қолданушылардың бірі Құралай Болат Facebook-тегі әлеуметтік топқа шағын жазба жариялады.

"Махаббат Бигельдиев ҚР Мәдениет министрлігінің "Қазреставрация" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры болып тағайындалды. Президент Қ.Тоқаев "қызметкері парамен ұсталған басшыны жауапқа тартатын" заңға қол қойған болатын. Заң қайда сонда?" деп жазды ол. Айтуынша, лауазымы өскен шенеуніктің әкім кезінде бір емес, екі орынбасары істі болған екен.

Толықтыра кетсек, Кербұлақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі Бигелдиевтің қызметінен кетуі туралы өтініші қабылданбай, оған тек қатаң сөгіс жарияланғанын хабарлаған болатын. Алайда аудан әкімі 7 желтоқсан күні қызметінен біржола кетуді "қалапты".

Жазба астына пікір қалдырған көпшілік енді оның министрлікке баруына қатысты "Балықшы балықшыны алыстан таниды", "Суға салсаң батпайды, отқа салсаң жанбайды", "Қолыңнан келсе, қоншынан бас" деген тәмсілдерді лайықтап жатыр.

Тағы оқи отырыңыз: Орынбасары ұсталған әкім жұмысынан кетті

Ал Саламат Рахметов атты азамат: "Жеген сайын көтерілсе, мына биліктің ойы жаман", - дейді. Сондай-ақ, желі қолданушы Нағашыбай Жалғасбаев: "Орынбасарлары алданып қалды-ау", - деп "уайымдаса", Ермек Құдайбергенов: "Орынбасарлары мешайт еткен екен ғой. Олар кеткен соң өсіп кетіпті, ə?" - деп мысқылдады. Нұрбек Қаусқалиев деген азамат болса, "Үкімет басындағылар үй жиһазы секілді. Комнатадан комнатаға көшіріледі. Бірақ, ескірсе де далаға шығарылмайды ешқашан" деген "диагноз" қойып тастады.