Бәс тігу, құмарлық: букмекерлік кеңселердің жарнамасына неліктен тыйым салынбай келеді?

Елімізде 2500-ге жуық бәс қабылдау пункті жұмыс істейді

Бәс тігу, құмарлық: букмекерлік кеңселердің жарнамасына неліктен тыйым салынбай келеді?
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Шыны керек, елімізде бәс қабылдайтын букмекерлік кеңселердің қатары жыл санап артып барады. Оның қоғамға, өскелең ұрпаққа тигізер зияны да аз емес. Оңай ақшаға қарқ боламын деп жиған-тергенінен, бар дүниесінен айырылып жатқандар қаншама. Отбасын ойрандап, бала-шағасын ішіп-жемін де айырып отыр. Күні кеше футболдан өткен әлем чемпионатында бәс қабылдайтын мекемелердің жұмысы ерекше қызғаны анық, ал олардың жарнамасы әлеуметтік желілерде де, сайттарда да жетіп артылады. Жуырда осы мәселені Парламент Сенатының депутаттары көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдаған. Azattyq Ruhy тілшісі осы орайда мамандардың пікіріне жүгініп, порблеманы жан-жақты қозғап, шешім жолдарын іздеп көрді.

ЕЛІМІЗДЕ 2500-ГЕ ЖУЫҚ БӘС ҚАБЫЛДАУ ПУНКТІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Футболдан әлем чемпионаты уақытында елімізде бәс тігуге деген қызығушылықтың айтарлықтай жоғарылағаны байқалады. Ал олардың үздіксіз жарнамаларын бұқаралық ақпарат құралдарынан қайта-қайта естіп, көріп жатқан азаматтар құмар ойынының қауіпті екенін білсе де, тәуекелге бел буып, тәуелді болып қалып жатыр.

«Тәуелділіктің соңы адамды құрдымға кетіріп, қарызға белшеден батырып, отбасылардың арасына ойран салып жатыр. Құмар ойынның қызығынан шыға алмай, ақырында құнын өз өмірімен өтеуге дейін баруда. Бұл ретте, психологтар «құмар ойнаушылар өлімге дейін итермелейтін деңгейге жетіп қалғанын өздері байқамай қалады», дейді.

Жарнама – бұл сатып алу керектігіне сендіру, олармен таныстыру, халыққа тауар туралы ақпарат беру процесі. Жарнама мақсаты тұтынушыларды тауар немесе қызмет көрсету олардың алуан түрлі қажеттерін толығымен өтейтініне, өмір сүруге қажетті қолайлы жағдайлар жасауға, тауардың немесе көрсетілетін қызметтің пайдалылығы немесе қажеттігіне сендіруге бағытталған. Әрине, белгілі бір тауарлар мен қызметтердің жарнамасы оларды тұтынушыларға жеткізудің таптырмас құралы немесе тиімді әдісі», - делінген депутаттық сауалда.

Қоғамда кең тарап жатқан құмар ойындар мен бәс тігуге қатысты компанияларды жарнамалау елімізде әлеуметтік мәселелерді шиеленістіріп, құмар ойындарға деген потологиялық қызығушылық дертіне шалдыққан адамдар санын күннен-күнге көбейтуде.

Депутаттар ұсынған ресми деректерге жүгінер болсақ, Қазақстанда осы салада лицензиясы бар 50 ұйым тіркеліпті. Олардың арасында 26 букмекерлік кеңсе, 6 казино, 10 ойын автоматы залы және 8 тотализатор, сол сияқты 2500-ге жуық бәс қабылдау пункті жұмыс істейді екен. Алайда лицензиясыз ұйымдастырылып жүрген құмар ойындар қаншама?!

БӘС ТІГУГЕ ҚҰМАРЛЫҚ АУРУДЫҢ БІР ТҮРІ МЕ?

Біз осы орайда психолог Серікгүл Сәлиге хабарласып, бәс тігуді әдетке айналдырған жандардың проблемасы туралы сұрадық. Маман өз сөзінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бәс тігуді ресми түрде аурудың бір түрі деп атағанын қозғап өтті.

«Бұл психологиялық тұрғыда ауру болып саналады. Бірақ психикасының емес сезімінің шалдыққан ауруы. Осыдан төрт жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз үйін, дүние-мүлкін бәске тігетіндерге ауру деген диагноз тағайындаған. Дені сау адам мұндай іс-әрекеттерге бармайды. Сол сияқты мұны жүйке жүйесінің ауруы деп те айта алмаймыз. Себебі жүріс-тұрысы сау. Бірақ бірнәрсесі дұрыс емес. Бәс тігетіндер қанша жерден сөз беріп, әдетін қоятынын айтса да онысын тоқтата алмайды. Дер кезінде тоқтатпаса алаяқтыққа дейін апарады бұл жол. Себебі ол адамның өзіне еріксіз сендіріп әкететін гипноздық қасиеті пайда болады», - дейді психолог маман.

Сөзін жалғай отырып, маман бәс тігушілерге алданып қалатын жандар аз емес екенін айрықша айтып өтті.

«Сөз басында айтқанымдай, бәс тігушілер сезімнің ауруына шалдыққан. Олар қарапайым нәрсені сезінбейді. Сезімнің ең жоғарғысы – махаббат, имандылық дегенді түсінбейді. Одан ләззат ала алмайды. Ешкімге жаны ашымайды. Мұндай дертке қандай адамдар жиі шалдығуы мүмкін? Өз тәжірибемнен байқағанымдай, бала күнінде өз сезімін көрсетуге тыйым салынған адамдар жиі тап болады. Олар «сен жылама», «орынсыз күлме» деген секілді тыйымдарды ата-анасы жиі жасап, көп шектеу көрген. Бала осыдан кейін сезімін жұртқа көрсетуге болмайды екен деп ойлап өседі. Сыртқа шығаруы керек сезімінің бәрін ішіне бүгіп, ішінде тұншықтырады. Нәтижесінде ол баланың бойынан жанашырлық сезімі жоғалады. Өзгелерге деген жанашырлық сезімі болмайды. Адами қасиеттен шығып, қатыгезге айналады», - дейді Серікгүл Сәли.

Психолог сөз арасында ақшаға өте жақын адамдар да бәс тігуге тез бейім болып келетінін қозғап өтті. Оларға бала күнінен уақытылы тәрбие берілмесе жеңіл жолмен ақша табуға жылдам әуестенетінін жеткізді.

«Салдарынан жеңіл әрі арам жолдармен ақша табуға кетеді. Еңбек етіп, маңдай терімен ақша тапқысы келмейді. Заңға бағынбайды. Өз қалауларын тоқтата алмайды. Осылайша сезімдері дертке шалдығады. Бастапқыда бәс тігіп, оны жеңуден ләззат алса, уақыт өте келе жеңілсе де ерекше бір сезімге ие болатынды шығарады. Адам сезімсіз өмір сүре алмайды.

Былайша айтқанда бұл нашақорлық, ішкілікке салынудың тәуелділігімен бір деңгейде деп айтуға болады», - дейді психолог.

Нашақорлықтан, ішімдікке салынудан емделіп шыққанмен, кейіннен оның денсаулығында қандай да бір кінәрат болатыны белгілі. Ал дені сау болғанмен жаны тәуелділікке шалдыққан адамды емдеп жазу қаншалықты мүмкін? Психология саласы бұл тұрғыда не дейді?

«Емдеп шығу мүмкін нәрсе. Ең алдымен олардың адами болмысындағы табиғи сезімін ояту қажет. Жасаған әрекетін мойындатқызып, ата-анасының, алдап кеткен таныстарының орнына өзін қою қажет, ал сезімі ретке қосылғаннан кейін саналы түрде оянады. Кейіннен осының бәрін салмақтап өткеніне көз жүгіртіп шығады. 5-8 ай аралығында көп нәрсені түсінетін болады. Осыдан кейін барып өткен іс-әрекеттері үшін өзін жек көре бастайды. Әдетте осыдан кейін екі жылдай уақыт ол адам өзіне шектеулер қояды. Сол тыйымдарды бұзбай жүргенде барып, біртіндеп адами қалпына келеді. Осылай ғана тәуелділік дертінен шығып кете алады.

Өзімнің алдыма 180-ге жуық ойынқұмар адам келді. Оның 100-і бүгінге дейін емделіп, бәз-баяғы қалпына оралды. Қалғаны емделу сатысында. Әдетте 5-8 айдан кейін психологтардың қасынан шықпай жүріп, өзін емдейді. Міне осыдан кейін ғана қалыпты тіршілігіне оралады», - деді Серікгүл Сәли сөз соңында.

«БУКМЕКЕРЛІК КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ЖАРНАМАСЫ БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ ЖҮР»

Депутаттардың айтуынша елімізде 2007 жылы қабылданған қолданыстағы «Ойын бизнесі туралы» заңға осы саладағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған бірнеше рет маңызды түзетулер енгізілген. Аталған Заңның 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында электрондық казино мен интернет-казино қызметіне тыйым салынады.

Фото: ашық дереккөзден алынды
Фото: ашық дереккөзден алынды

Ал «Жарнама туралы» заңға сәйкес казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады.

«Заңның талаптары сақталып жатқан жоқ. Мысалы Алматы мен Қонаев қалаларының арасындағы авто жол бойындағы жарнаманы көргенде, қаржылық жағынан қиналып жүргендердің де, мемлекеттік қызметкерлердің де құмар ойынға арандауының негізгі себебі осы жарнама ма деген ой келеді.

Сонымен қатар, қазіргі кезде құмар ойындардың жарнамасы барлық БАҚ беттерінде, интернет желілерінде қаптап жүр. Сәйкесінше, құмар ойыншылардың да саны еселеп артып жатыр. Олардың мойнындағы қарыздары да миллиондап өсіп барады. Бұл ретте, депутаттар тарапынан «Құмар ойындардың жарнамасына тыйым салу туралы мәселе көтеріліп, заңға өзгертулер енгізілуі керек» деген, соның ішінде Букмекерлік компанияларды жарнамалауға да тыйым салу туралы ұсыныстар да айтылды.

Тағы бір мәселе бізде қағаз жүзінде, яғни заңдарда рұқсат етілмеген орындарда (Қонаев пен Бурабайдан басқа жерлерде) құмар ойындарының өткізілуіне тыйым салынған. Алайда ойын бизнесі үлкен қаржының көзі болғандықтан ба, әлде тиісті дәрежедегі бақылау мен қадағалаудың жоқтығынан ба оған іс жүзінде тыйым салу әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр. Ойын автоматтары кез келген жерге қойылған, ставка қабылдау пунктері еркін жұмыс істейді. Жарнамалық серіктестері де көбіне букмекерлік компанияларды жарнамалап күн көріп отырғандықтан одан бас тартпасы анық. Бірақ белгілі бір деңгейде тоқтау салмаса, қоғамдағы жағдай ушығып барады», - деп Сенат депутаттары алаңдаушылығын білдірді.

Айтарлығы, танымал тұлғалар мен әншілер, белгілі спортшылар мен өнер адамдары түскен букмекерлік компаниялардың жарнамасы барлық жерде жүр. Онсыз да қаржылай қиналып жүрген жұртты қызықтырып, оңай ақша табамын деген ой өзін баурап, аяғында сан соғып жатыр. Осылайша қызған сауданы қыздыра түсіп, кірісті көбейту үшін барын салып жатыр.

«Әлем чемпионаттары кезінде интернет арқылы ұйымдастырылатын ұтыс ойындары көбейіп кетті. Сондықтан да бұдан бұрынғы әріптестеріміз сияқты біз де бұл тұрғыдағы заңның нормаларын тағы да күшейтуді, жұртты адастыратын жарнамалардың тыйылуын қатаң бақылауды талап етеміз. Құмар ойын адамды орға жығып, отбасыларды ойран етіп, жастарды адастырып барады. Осы орайда, қоғамда жаппай орын алып жатқан келеңсіздіктер мен заңсыздықтарды болдырмау үшін заңды күшейтіп, оның нормаларының іс жүзінде қатаң орындалуы маңызды болып саналады.

Құмар ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қалтасы қампиғанымен, құмарға еріксіз құнығып бара жатқан жас азаматтардың, талай отбасылардың, халықтың тағдырының бұзылып жатқаны алаңдатады. Сондықтан, көзді қызықтыратын жарнамаларға еріп, барынан айырылғанша бәс тігетін, жеңіл ақшаға әуес болып, миллиондарды желге ұшырып жатқан, тек өзін ғана емес, отбасын да шырылдатып, шығынға батырып жатқан аурудың алдын қоғам болып алуымыз қажет.

Құрметті Әлихан Асханұлы, айтылғандарды ескере отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеп, оны шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз», - дейді халық қалаулылары.

СПОРТ САРАПШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Біз осы орайда белгілі спорт комментаторы, жуырда өткен әлем чемпионатының бірнеше ойынын жүргізген Ербол Каировтың бәс тігуге қатысты пікірін білдік. Айтуынша бұл бизнес болғанмен белгілі бір деңгейде шектеулері болуы керек.

«Әрине, букмекерлердің жарнамалары теледидарда, әлеуметтік желілерде, қоршаған ортамызда аз емес. Себебі букмекерлер өзара бәсекелесуде. Бұл өте тиімді бизнес. Біз, комментаторлар да арасында осындай жармананы беріп тұрамыз. Бірақ шектеулер қою керек екеніне көзім жетті. Қазірдің өзінде мектептегі оқушылар, студенттер күнәра бәс тігеді, себебі азарт пайда болады. Біраз ақшаны ұтылып, енді соны қайтаруы керек. Оған қоса, әртүрлі актерлер мен блогерлер өздерінің жарнамаларымен олардың қызығушылығын арттырады. Сондықтан бәс тігушілердің жасын шектеу керек. Мысалы, 23-25 жастан бастап жасауға болады дегендей. Және де қоюға болатын сомаларға шектеу салу керек. Сонда бәс тігушілер осы саланы ақша табудың тәсілі емес, тек хобби, демалыс ретінде қарастырады», - дейді спорт комментаторы.

Қорыта келе айтар болсақ, қоғамға зияны тиер мұндай құмар ойындарға белгілі бір деңгейде шектеулер енгізілуі қажет. Оқушы күнінен құмар ойынға тәуелді адамның болашағы да бұлыңғыр болмақ...