Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Елдің бәрін "қазақстандық" еткісі келетін Түймебаевтың ұлты кім?

...Немесе сол Түймебаевтың наным-сенімі бөлек болып, рухани ұстазы тапсырма берді ме екен, "осы ұсынысыңды біреудің аузымен айтып көр" деп? Мүмкін, "қазақстандық" деген ұғымды "американдықпен" байланыстыруға АҚШ-тың тікелей бір әсері бар шығар. Мысалы, Пенсильвания сияқты үлкен штаттарда не жоқ дейсіз...

Елдің бәрін "қазақстандық" еткісі келетін Түймебаевтың ұлты кім?
фото: ашық дереккөз

Тележүргізуші Майя Бекбаева Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне орналаса салып, ә дегеннен "өзге ұлт өкілдерінің төлқұжатына ұлтын "қазақ" деп жазайық" дей салды. Сол-ақ екен, ұлтшылы бар, ұлтсызы бар, әріп танитын жұрттың бәрі ауыр, жеңіл сындарын осы бір орыстілді тележүргізушіге қарсы бағыттап әлек. Ал одан жоғары лауазымда отырғандарға ешкім ләм-мим демейді.

Алдындағы суфлердан дайын мәтінді ғана оқып, шала-шарпы сұраққа жауап алғанын "сұхбат" деп жүрген жылтыр бет тележүргізуші ұлттық мәселе тұрғысынан не білуші еді?! Керек десе, оған қазақтілді орыс әріптесі Максим Рожин айтты ғой, "популизмді ысырып тастап, елге пайдалы ұсыныс жасайық", - деп. "Орыс болып-ақ кіндік кескен жерін құрметтеуге болады. Ал ұлттық ерекшелік пен патриотизмді шатастыруға болмайды", - деп. Енді қазақ дейін десең тілі келмейтін, орыс дейін десең түрі келмейтіндерге «ұлтын сатпайтын" қазақтілді Максимдер жөн сілтемегенде қайтсін?!

Әйтпесе, журналист Майяның үстінен білдей бір филология ғылымдарының докторы Жансейіт Түймебаев қарап отыр ғой. Ал ол кісі ұлтқа қандай жағдай жасап еді жалпы? Мемлекеттік билікте жүріп не істеп, не қойғаны кімнің есінде? Бір білеріміз, Түркістан облысын басқарған кезінде тұрғындарын "мұхлис қылуға" тырысып, Түркияға тасумен болған-ды. Онсыз да сол елдің телехикаясына елтіп өскен жастар Түймебаевтың "түрткі болуымен" Түркияға аңсары ауып тұратынды шығарды.

Енді ойланып көріңіз... Қол астында "қазақстандық ұлт" жасағысы келетін адам қызмет атқаратын Түймебаевтың ұлты кім? Оның түпкі мақсаты не? Пиғылы қандай? Әлгі шыр-пыр етіп отырған Максимнің төлқұжатына ұлтын "қазақ" немесе "қазақстандық" деп жаздыртудан не күтеді? Ассамблея басшылығының тілімен айтқанда, АҚШ-та "ұлт" деген ұғым жоқ, тұрғындарының бәрі "американдық" болып жазылады, біздегі 140 ұлтты да "қазақстандық" деп жазу керек екен. Әрине, мысал еткен мемлекеті майя тайпасының сүйегі үстіне құрылғанын Майя білмесе де, бастығы Түймебаев білуі тиіс қой. Әлде, ол филология ғылымдарының докторы ретінде қазақ тілін әбден зерттеп, құрдымға кетіп бара жатқан ұлт екенімізді дәлелдей алмай жүр ме? Діннен, ділден, тілден айырылып, ұлттық мемлекет құрудан мақұрым қалған шығармыз? Немесе сол Түймебаевтың наным-сенімі бөлек болып, рухани ұстазы тапсырма берді ме екен, "осы ұсынысыңды біреудің аузымен айтып көр" деп? Мүмкін, "қазақстандық" деген ұғымды "американдықпен" байланыстыруға АҚШ-тың тікелей бір әсері бар шығар. Пенсильвания сияқты үлкен штаттарда не жоқ дейсіз...

Анау ұлт намысын оятқан ұсынысты неге Бекбаева емес, Түймебаевтың өзі айтпайды? Олар неліктен өйтіп қоғам талқысына қоқыс лақтырып отыр?

Жалпы, қарғаның "бір шоқып, екі қарайтыны" сияқты, назарды жүз пайыз ҚХА жаққа аударып жіберудің өзі дұрыс емес-ау? Менің әңгімесін Ақорда жаққа қарап бастайтын көршім айтпақшы, "бұлар әдейі істеп отыр"...

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ