Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

"Популизмді қояйық...": Максим Рожин әріптесі Бекбаеваны "орнына қойды"

"Қазақ тілін білмейтіндер қазақша сөйлеп кетпейді, жемқорлар жойылып кетпейді, экономика қарқынды дамып кетпейді, теңге бағамы доллармен тең болып кетпейді. Солай ма?" - деді Рожин. 

"Популизмді қояйық...": Максим Рожин әріптесі Бекбаеваны "орнына қойды"
Фото: дереккөз

Түнеукүні тележурналист Майя Бекбаева өзге ұлт өкілдері төлқұжатына қазақ деп жазсын деген ұсыныс айтып, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Назарбаевтың Ассамблеядағы орынбасары қызметіне келген Бекбаеваның айтуынша, Қазақстанда тұратын талай ұлт өзін қазақ сезінеді екен, деп жазды Dalanews.kz.

"Ендеше, бұларға неге мұндай мүмкіндік бермеске? Американы алайықшы. Үлкен ел, әртүрлі ұлттар тұрады. Бірақ бәрі ұлтын жазатын жерге "америкалық" деп көрсетеді", – деген еді Майя ханым.

Бекбаеваның ұсынысына Ұлттық кеңес мүшесі, журналист, мемлекеттік тілге жетік Максим Рожин жауап қатыпты. Рожин бұл ұсыныстан бәлендей өзгеріс болмайды дейді. Айтуынша, аты қазақ болғандардың заты қазаққа айналмайды. Елдің бәрі бір түнде қазақша сайрап кетпейді. Рожин бұл ұсыныстың орынсыз екенін меңзеп өтіпті.

"Қандай ұсыныс болсын, оның орынды не орынсыз екенін көрсететін бір ғана сипаттама бар. Ол ұсыныстан не өзгереді? Қарапайым тілмен айтқанда, ол ұсыныстан халыққа, елге, азаматқа, өзіңе не пайда? Соңғы күндері мені тегтеп, көп азамат төлқұжатымда ұлтты өзгертсем, қарсы емес екенін, тіпті "сен өзгертсең, рұқсат" деп жазып жатыр. Оған қарсы ойлар да айтылып жүр, орынды деп ойлаймын.

Осы сәтте барлығымыз бір сұраққа жауап іздейікші: ұлтты төлқұжатта өзгертсек, не өзгереді? Нақты тізіп берсеңіздер. Елде, халықта, қазақ даласын мекендеген әрбір азаматта не өзгеріс болады?", – деп сауалды төтесінен қойған екен Ұлттық кеңес мүшесі.

"Меніңше, өзгеріс болмайды. Қазақ тілін білмейтіндер қазақша сөйлеп кетпейді, жемқорлар жойылып кетпейді, экономика қарқынды дамып кетпейді, теңге бағамы доллармен тең болып кетпейді. Солай ма? Ал олай болса, популизмді ысырып тастап, елге пайдалы ұсыныс жасайық", – деді Рожин.

Оның пікірінше, орыс болып-ақ кіндік кескен жерін құрметтеуге болады. Ал ұлттық ерекшелік пен патриотизмді шатастыруға болмайды.

“Көбіміз Жаратушының берген ұлты мен патриотизмді шатастырған секілдіміз. Мойнымызға Жаратушының ісін алмай, адамның қолынан келетін, елге пайдалы дүниемен айналысайық", – дейді Рожин.