Мемлекет басшысы мен Парсы елінің президенті бірлескен 21 құжатқа қол қойды

Енді Иран азаматтары елімізде 14 күн визасыз жүре алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға жасаған ресми сапарында осылай деді, деп хабарлайды Paryz.kz «Хабар 24» сілтеме жасап.

 

Мемлекет басшысы мен Парсы елінің президенті бірлескен 21 құжатқа қол қойды
ашық дерек көздерінен

Алдымен Ұлттық құрылтай. Сонан соң Санкт-Петербургте өткен экономикалық форум. Енді, міне, мемлекет басшысы Иранға келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Теһранға жасаған алғашқы ресми сапары жексенбіге тура келді. Бүгін Қазақстан үшін демалыс болғанымен Иранда жұмыс күні. Ислам мемлекеті болғандықтан жергілікті жұрт бейсенбі мен жұма демалады. Ал президенттің жұмыс кестесі тығыз. Ұшақтан түскен бойда Саадабад сарайына бет алды. Ал мұнда мәртебелі мейманды күтіп алуға ерекше мән берілген. Сымдай тізілген сарбаздар әр тапсырманы жіті тыңдап, бұлжытпай орындауға әзір. Елде ресми түрде маска тағу міндет болмаса да резиденцияда бүгін тәртіп бөлек. Сүліктей қара көлікпен Саадабад сарайына келген Қасым -Жомарт Тоқаевты Иран президенті Ибрахим Раиси барлық сән салтанатымен қарсы алды. Қызыл кілем, құрметті қарауыл, оркестр. Халықаралық протоколға сай екі елдің әнұраны шырқалды. Президенттер бір-біріне ресми делегацияны таныстырған соң шағын құрамда кеңесуге кірісті. Мемлекет басшысы ресми сапармен келуге шақырғаны үшін парсы елінің президентіне ризашылығын білдірді. Қазақта «Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген сөз бар екенін еске салған президент Қазақстан көрші елдермен әрқашан тату болған атап өтті. Осы достық қатынасты нығайту үшін Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат беру туралы маңызды шешім қабылдағанын жеткізді. Өйткені екі ел арасындағы тауар айналым АҚШ-тың Иранға салған санкциясынан кейін едәуір азайған еді. Қазір қайта жанданып келеді. Бірінші тоқсандағы көрсеткіш 200 миллион долларға жуық. Тағы ұлғайтуға екі елдің де әлеуеті жетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 Біздің үкіметаралық, парламентаралық және іскерлік кеңестеріміз бар. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз кедергілерге қарамастан, жылдан-жылға артып келеді. Биылғы бірінші тоқсанда сауда-саттық 50 пайызға артты. Ендігі мақсат – осы қарқынды тоқтатпай, барынша көбейту. Иран кәсіпкерлері осы жеңілдікті кеңінен қолданатынына сенімдімін.

Ибрахим Раиси, Иран Ислам Республикасының Президенті:

 Біз алғаш рет Душанбе саммитінде кездескен едік. Сізбен екінші рет Тегеранда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің Президент ретінде келген бұл сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына тың серпін беретін ұлы бетбұрыс боларына сенімдімін.

Шағын құрамдағы келіссөзден кейін президенттер кеңейтілген құрамда бас қосты. Мұнда екі ел арасындағы қазіргі жағдай және оны жетілдіру жолдары пысықталды. Биыл Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатияға 30 жыл. Осы уақытта жан-жақты байланыс қалыптасып, достық қарым-қатынас орнады. Президенттер оны беки түсуге ниетті. Қасым Жомарт Тоқаев алыс берісті арттыру үшін Иран мен қазақстан Бірлескен сауда палатасын құру жоспары бар екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 Екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасты. 60-тан астам келісім жасалды. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Біз енді Бірлескен сауда палатасын құруды жоспарлап отырмыз. Парламентаралық байланыстар жолға қойылды. Өңіраралық кооперация нығая түсуде. Халықаралық ұйымдар аясында тығыз әріптестік орнаттық. Осы әріптестіктің негізгі бағытының бірі – ауыл шаруашылығы. Бүгінде ирандық бірнеше компания Қазақстанда ет, сүт өнімдерін шығарып, тіпті өзге елдерге экспорттап жүр. Парсы елінің инженерлік-техникалық, фармацевтикалық, сондай-ақ, электр станцияларының құрылысы саласындағы әлеуеті де зор. Ал Қазақстан азық-түлік пен астыққа бай. Бірақ тауар айналымды жеделдету үшін көлік транзиттік саланы жетілдіру қажет. Мәселен, еліміз Түркияға тауар тасу үшін Каспий арқылы кемемен кейін, Әзірбайжан, Армения елдері арқылы пойызбен 20 күн жоғалтады. Енді жүкті Иран арқылы жылдам жеткізуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 Елдеріміздің көлік-транзит әлеуетін толық пайдалануға екі жақ та мүдделі. Осы ретте Оңтүстік пен Солтүстікті, Шығыс пен Батысты жалғайтын тасымал дәлізі маңызды рөл атқарады. Бір апта бұрын Қазақстаннан шыққан жүк пойызын бүгін осында қарсы алдық. Енді ол Түркияға бет алады. Күрделі геосаяси ахуал кезінде бұл  айрықша маңызды.

Иран – жаһандағы ірі мемлекеттердің бірі. Мұнай қоры бойынша әлемде 3, ал газ қоры бойынша 1 орында. Бірақ ядролық бағдарламасы үшін ұзақ уақыттан бері санкцияның құрсауында. Сол үшін былтыр сайланған сегізінші президент Ибрахим Раиси жылымық саясат ұстана бастағандай. Өйтпесе болмайды. Елде қымбатшылық. Инфляция шарықтап тұр. Мәселен бір теңге 800 Иран риалына тең.

Ибрахим Раиси, Иран Ислам Республикасының Президенті:

 Қазақстан да, Иран да ауқымды мұнай-газ қорларына ие. Біз осы саладағы тәжірибелерімізбен бөлісіп, өзара инвестициялар тартуға да назар аударамыз. Әрі көлік транзиттік және ауыл шаруашылығы мен туризм салаларының әлеуетін арттыруға дайынбыз.

  Қазақ – Иран қатынасын нығайтуда тирихи, мәдени-гуманитарлық саланың да маңызы зор. Өзара ынтымақтастықты арттыруға Ирандағы қазақ диаспорасы алтын көпір болмақ. Сондықтан бұл сапардағы делегация құрамы үкімет мүшелерімен шектелген жоқ. Тегеранға елдегі ұлттық компания өкілдері мен "Хабар" агенттігінің төрағасы барды. Берік Уәли жергілікті телерадио компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жалпы президенттің осы сапары аясында тараптар маңызды 21 құжатқа қол қойды. Кездесу соңында Тоқаев парсы елінің басшысын елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.