«Бәрі Назарбаевқа келіп тіреледі» - қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар туралы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы Жолдауында қаңтар айында «төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болғанын, жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасағанын» айтты. Бірақ басты ұйымдастырушының есімі әлі аталған жоқ.

«Бәрі Назарбаевқа келіп тіреледі» - қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар туралы

 

Белгілі қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам мен Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы істің басында Тұңғыш Президент тұр деген болжамға көбірек сенетіндерін алға тартады. Бұл туралы олар Qasqa Jol Youtube арнасындағы подкастта пікір білдірді.

«Елдің жағдайын білеміз. Қауіпсіздік кеңесі кімге бағынғанын білеміз. Не себепті жағдайдың орын алғаны белгілі. Қалай болғанда да істің бәрі сол кісіге (Нұрсұлтан Назарбаевқа) барып тіреліп тұр. Менің ойымша, оның төңірегіндегілердің бәрін тазартады. Ар жағында үлкен мәселе туындайды. Бұрынғы Президентке қалай баға береміз деген мәселе шығады. Менің ойымша осыған Тоқаев жауап беруі керек», - дейді саясаткер.

Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы да бұған сенгісі келетінін, алайда тергеу нәтижесін күту қажеттігін айтты.

«Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Кім ұйымдастырғаны анықталып, әлі айтылады. Әрине, саяси жағы бәрібір сол кісіге тіреліп тұр. Бірақ біз құқықтық мемлекет болғандықтан, шешімдер заң аясында қабылдануы  керек. Егер дәлелдесек, олардың әкеткен ақшаларын қайтара аламыз. Дәлелдей алмасақ, ақшаны қайтаруға ешкім рұқсат бермейді. Халықаралық тұрғыда ешкім санаспайды. Әрине, басты мақсат – кінәлілерді қамап, әділетті шешім қабылдау. Сонымен қатар Қазақстаннан кеткен миллиардаған қаржыны қайтару керек. Сондықтан бүгін үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Президент екі ай уақыт берді», - деді Б. Әбдіғалиұлы.