Құтқарушылар тікұшақ арқылы оның жылқысын байқаған. Амангелді Тұржанов аттың жанында болған. Ол өзін қамыс пен қарға көміп жатқан...
Қостанай облысында Амангелді ауданының аумағында бір апта іздеуде болған малшы аман-есен табылды, деп хабарлады paryz.kz.
Қостанай облыстық ТЖД баспасөз қызметі Амангелді Тұржанов 20 ақпанда Амангелді ауданында жоғалып кеткенін айтты. Ол жылқы іздеуге кеткен екен.
Ауқымды іздеуге полиция, құтқарушылар және жергілікті тұрғындардан тұратын 50-ге жуық адам қатысты. Сондай-ақ 49 жастағы ер адамды іздеу үшін 26 ақпанда Нұр-Сұлтаннан тікұшақ келді. Құтқарушылар тікұшақ арқылы оның жылқысын байқаған. Амангелді Тұржанов аттың жанында болған. Ол өзін қамыс пен қарға көміп жатқан.
Тағы оқи отырыңыз: Қарағанды облысында ер адам үсіп өлді
"Жергілікті ауылшаруашылық кәсіпорындарының бірінде шопан болып жұмыс істейтін 50 жастағы ер адам 27 ақпанда сағат 11:30-да Обалы аймағынан, қамыстың арасынан табылды. Ол қатты шаршаған және өздігінен әрең қозғалады. Осы уақыт ішінде далада болды", - деді Қостанай облыстық ТЖД.
Малшыны тікұшақпен Жезқазғандағы медициналық мекемеге жеткізді. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады.