Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Ақмола облысында ер адам баласымен бірге өртеніп кетті

Туыстары ер адамның өртеніп жатқан үйге жүгіріп кіргеніне, артынан қатты дыбыс шығып, газ баллонының жарылғанына куә болған.

Ақмола облысында ер адам баласымен бірге өртеніп кетті
фото: Nur.kz

Ақмола облысында өрттің салдарынан әкесі мен баласы қаза тапты. Қайғылы оқиға бүгін түнде Зеренді ауданының Алексеевка ауылында болған, деп хабарлады paryz.kz, ауыл әкімдігіне сілтеме жасап. 

Ер адам өрттен алып шығып үлгерген тағы бір бала ауруханада жатыр.

Алексеевка ауылы Көкшетау қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан. Түнгі сағат 3-те өрт сөндіру қызметіне тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына 5 өрт сөндіру көлігі келген, бірақ адамдарды құтқарып үлгермеген.

Қайтыс болған 30 жастағы ер адамның туыстарының айтуынша, отқа оранған үйде әкесі 6 және 1 жасар екі баласымен бірге тұрған. Ал анасы ауруханада емделіп жатқан. Ер адам кеніште автослесарь болып жұмыс істеген.

Түнде өрт шыққан кезде ер адам кіші ұлын көрші үйде тұратын қайын атасына апарып үлгерген. Әке жалаң аяқ жүгіріп келген. Баланы сонда қалдырған ол үйіне қайта барған. Туыстары ер адамның өртеніп жатқан үйге жүгіріп кіргеніне, артынан қатты дыбыс шығып, газ баллонының жарылғанына куә болған.

Оқиға орнына келген құтқарушылар әкесі мен баласының мәйітін тапқан. Газ баллоны жарылған кезде ер адам ұлын денесімен жауып қалған, алайда екеуі де сол жерде мерт болған.

Тағы оқи отырыңыз: Жамбыл облысында болған өрт бес баланың өмірін жалмады

Қазіргі уақытта аман қалған сәби әжесімен бірге ауруханада жатыр. Ауыл тұрғындары, еріктілер, әкімдік пен кеніш қызметкерлері ақша жинап, жерлеу рәсімін ұйымдастырумен айналысып жатыр.