Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Жамбыл облысында болған өрт бес баланың өмірін жалмады

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 4 ақпанына қараған түні Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында жеке үйдің аумағында өрт шығып, кішігірім үй өртеніп кеткен болатын. Сонда 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес қыз қаза тапқан еді...

Жамбыл облысында болған өрт бес баланың өмірін жалмады
фото: stan.kz

Жамбыл облысы Жаңатас қаласында бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласы қаза тапты, деп хабарлады paryz.kz

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға бүгін, 19 ақпанда болған. Шағын ауданнан 3-қабаттағы пәтерде өрт шыққан. Осы сәтте пәтерде 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған бес бала болған...

"Алдын ала мәліметтер бойынша, отбасының әкесі жұмыста болған, анасы дүкенге кеткен. Өрт салдарынан кәмелетке толмаған балалардың барлығы көміртегі тотығынан зардап шегіп, шұғыл ауруханаға жатқызылған. Бірақ біраз уақыттан кейін қайтыс болды", - делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, оқиға орнына барған Жамбыл облысы әкімінің өкімімен оқиғаның себептерін анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек бастаған арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына прокуратура, полиция, Төтенше жағдайлар департаменті және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Зардап шеккен отбасыға жергілікті атқарушы органдар жан-жақты көмек береді. Оның ішінде психологтар жұмылдырылып, жерлеу рәсімдеріне қолұшы созылады.

Оқиға орнында өртке қарсы қызметтің 6 қызметкері мен 1 дана техника жұмыс атқарды. Өрт толықтай сөндірілді.

Жаңатас қаласына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов аттанды.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 4 ақпанына қараған түні Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында жеке үйдің аумағында өрт шығып, кішігірім үй өртеніп кеткен болатын. Сонда 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес қыз қаза тапқан еді. 5 ақпанда Нұр-Сұлтанда қайтыс болған балаларды жерледі. Өрт шыққан кезде олардың ата-аналары жұмыста болған.