Шымкентте соққан қатты дауыл сегіз көп қабатты үй мен тағы бірнеше жеке ғимараттың шатырын ұшырып жіберді деп хабарлайды Paryz.kz, қаланың ТЖД қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап.
6 маусым күні Шымкентте дауылды ескерту жарияланған. Осы күні желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді деп күтілген. ТЖД мәліметінше, бұл туралы тұрғындарға 5 маусымда ескертілген. Алайда желдің нақты жылдамдығы жоғары болған. Салдарынан бірнеше үйге, соның ішінде жеке үйлерге де зиян келтірілді.
"6 маусым күні кешкі сағат 18:25 пен 18:36 аралығында Шымкентте желдің жылдамдығы 15-тен 28 м/с дейін жетті. Салдарынан Абай ауданындағы бір коммерциялық нысанның, әл-Фараби ауданындағы бір бес қабатты үйдің, Еңбекші ауданындағы төрт бес қабатты үйдің және Қаратау ауданындағы бір бес қабатты үйдің шатыры ұшып кетті. Жалпы 8 көпқабатты үйге зиян келтірілді. Одан бөлек, Қаратау және Еңбекші аудандарындағы төрт жеке ғимараттың шатыры ұшқаны тіркелді", - дейді Төтенше жағдайлар департаменті.
Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы бүлінген шатырдың жалпы аумағы 585 шаршы метрді құрағанын айтты. Сондай-ақ 36 шаршы алаңдағы көпқабатты тұрғын үйдің қаптамасы жұлынып кеткен. Шатырлар мен қаптамалардан басқа ағаштар да құлаған. Мұның барлығы сегіз көлікке зақым келтірген. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ТЖД 25 қызметкері мен 6 техника жұмылдырылған. Оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты.