"Біздің елде вакцинаның пайдасын, зиянын неге түсіндірмейді?" - Сәуле Әбілдаханқызы

Оның айтуынша, әр қазақстандықтың ойында вакцинаға қатысты миллиондаған сұрақ жатыр.

"Біздің елде вакцинаның пайдасын, зиянын неге түсіндірмейді?" - Сәуле Әбілдаханқызы
Фото: ашық дереккөз

Қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы вакцинадан соң 3 күн демалыс берілетіні жайлы ақпаратты дәрігерлерден естігенін мәлімдеді, деп жазады Paryz.kz.

Ол Facebook-тегі парақшасына 3 күн демалысқа қатысты заңның нақты бар-жоқтығын анықтау мақсатында жазба жариялады. 

"Заң, қаулы, бұйрық, шешім, актілердің бәрін білу мүмкін емес. Кез-келген министр өз бұйрықтарымен өз саласында әртүрлі ереже, тәртіптерді енгізе алады немесе өзгерте алады. Күн сайын шығып жататын бұйрықтарды, ережелерді заңгерлер де жатқа біле бермейді, оның бәрін білу мүмкін де емес. Мен де заңгер емеспін. Түбін қопарып іздеп табуға болады, оған уақыт болмай тұр. Камиша Есмухамбеткызы сияқты еңбекқор заңгерлер құжат жүзінде негіздеп бере алатын шығар деп ойлаймын.

Ал мен бұл әңгімені қайдан шығардым?

Мен ковид боп ауырып үйде жатқанда алғашқы күндері келген учаскелік дәрігерім айтты, "ертең біз бәріміз вакцина аламыз, 3 күн демалыста боламыз, сондықтан сізге алдағы 3 күн келе алмаймын" деді. Сонда вакцина алғандарға 3 күн демалыс беретінін сұрап білген едім.

"Вакцинадан кейін 3 күн демалу керек" дегенді бір невропотологтан, бір терапевттен, бір медсестрадан да естідім. Олар көктен алып, яки ойдан шығарып айтпаған болар деп ойлаймын", - деп бастады ол жазбасын.

Бұл мәліметке қатысты пікір білдірген Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі аталған ақпаратты жоққа шығарды. KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына басқарманың баспасөз қызметінің маманы Ақшолпан Жүсіпова вакцина салдырғандарға демалыс берілмейтінін айтты. 

Сонымен қатар, қоғам белсендісі БАҚ өкілдерінен вакцина туралы толық ақпарат ұсынуды талап етті. Және осы салып жатқан вакцинаның басқа вакциналардан айырмашылығы мен артықшылығын жіпке тізіп, көпшілікке ашық түрде жарияласа екен деген үндеуін де жолдады. 

Тағы оқи отырыңыз:

Белгілі журналист вакцина салғызуға мәжбүрлеген аурухана басшысының былығын жайып салды

"Нәрестелерге де туа сала қауіпті ауруларға қарсы екпе салынады" - саясаттанушы

Оның айтуынша, әр қазақстандықтың ойында вакцинаға қатысты миллиондаған сұрақ жатыр. Сәуле Әбілдаханқызы вакцина алуға үгіттеуден бұрын осы сұрақтардың түйіні шешілсе екен деген ниетте.

"Біздің трагедиямыз неде?

Біздің елде елге ең қажетті ақпараттар, мағлұматтар жасырын қалады, заңдар, ережелер түсіндірілмейді. Әншейінде ЕБның жолдауын "түсіндіреміз" деп қазынадан "түсіндіру үшін" миллиондарды бөліп, депутаттардан бастап бүкіл БАҚ улап-шулап "халыққа түсіндірумен" айналысушы еді... Вакцинаның жайын неге түсіндірмейді? Маған, мысалы, дәл сол "3 күндік демалыстың" жай-жапсары түсініксіз... "Анау алды, мынау салды" деп жарнама үшін иықты жалаңаштап "модель" боп сурет салғаннан халыққа не пайда?

Мысалы, вакцинаны жаппай егу туралы шешім қабылдаған үкімет, министрлік, дәрігер-ғалымдар халыққа неге дәл сол ресейлік вакцинаны алғанын, ол вакцинаның басқа елдерде шығарылған вакцинадан айырмашылығы не, артықшылығы неде екенін, неше жастағы адамдарға арналған, пайдасы қандай, зияны не болуы мүмкін, жанама әсері қандай, кері әсер еткенде өлім қаупі қанша пайыз болуы мүмкін, вакцина алғанда кері әсер болғанда қандай дәрі қабылдауға болады, антибиотик қабылдауға бола ма, болмай ма??...- деген тәрізді миллион сұраққа жауап беріп, бір рет түсіндірді ме? Жоқ.

Вакцина алғандар қалай күтіну керек, физ.нагрузка бола ма, болмай ма, демалыс керек пе, керек емес пе, ақылы демалыс беріле ме, берілмей ме, кері әсері болса (тіпті, адам өліп кетсе) қандай жағдайда қандай өтемақы төленеді??..- деген нақты сұрақтарға нақты жауап берді ме? Жоқ. Ал сондай миллион сұрақтарға жауап беретін ережелер, бұйрықтар, заңдар бар ма? Болса, қайда? Министрлік сайтында ма, әділет.кз сайтында ма? Жоқ. Неге? Өйткені олар үшін заң - кез-келген сәтте мың құбылтып өзгерте салатын черновик.

Бұл сұрақтарға үкіметтен миллиондар мен миллиардтар алып отырған, ондаған кәсіби журналистері бар БАҚ, ЭАҚ ізденіп, жауап беруі тиіс шығар. Оларда өкілеттік бар, қолдары ұзын...

Басқа-басқа, ковидке вакцина алған адам 3 күн демалуы тиіс және ол үш күндік демалыста айлығы кесілмеуі тиіс. Бұндай ереже бір мекемеге жүріп, екінші мекемеге жүрмейді деген нәрсе болмауы тиіс.

Менің ойым осы",- деп аяқтады қоғам белсендісі.