Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

"Қазақалтын": 1,5 млрд теңге ұрлаған күдіктілер ұсталды

Еске сала кетсек, жақында "Қазақалтын" кенішінен 122 миллион теңгенің алтыны да ұрланған болатын...

"Қазақалтын": 1,5 млрд теңге ұрлаған күдіктілер ұсталды
фото: ашық дереккөз

"Қазақалтын" тау-кен металлургия комбинатының шотынан 1,5 миллиард теңге көлеміндегі қаржы ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлады paryz.kz.

Айта кетсек, биылғы 23 ақпанда "Қазақалтын" тау-кен металлургия комбинаты" АҚ өкілдері компания шотынан 1 миллиард 533 миллион теңге ұрлау фактісі бойынша полицияға жүгінген болатын. Аталған қылмысты ашу үшін криминалдық полиция және тергеу бөлімшелерінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі ("Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

"Жедел-іздестіру шаралары барысында ағымдағы жылғы 26 ақпанда полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында екі күдіктіні ұстады. Оның бірі 37 жастағы қаржы бөлімінің қызметкері болса, екіншісі - оның 38 жастағы азаматтық некедегі күйеуі. Күдіктілерге қатысты сот "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады", - деді ведомстводан.

Тағы оқи отырыңыз: "Қазақалтын" комбинатының қаржыгері 1,5 млрд теңгемен қашып кетті

Тергеу органы тергеу шеңберінде залалды өтеуді қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.

"Тергеу мүддесіне орай басқа ақпарат жарияланбайды", - деп толықтырды ведомстводан.

Еске сала кетсек, жақында "Қазақалтын" кенішінен 122 миллион теңгенің алтыны да ұрланған болатын.