Шымкентте ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері мен бас есепшісі сотталды, деп хабарлады paryz.kz.
Қазақпараттың хабарлауынша, бұл туралы AntikorNEWS алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров айтқан.
"Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының үкімімен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері А.Маймақов 4 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды", - дейді Данияр Бекайдаров.
Сондай-ақ аурухананың бас есепшісі де жауапкершілікке тартылды.
"Бас бухгалтер Б. Нарбаева заңды ұйымдарда материалдық жауапты тұлға лауазымын атқару құқығынан 5 жылға айырылды. Сонымен қатар оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы (ҚР ҚК-нің 63-бабын ескере отырып, бас бостандығынан айыру мерзімі шартты болып саналады) тағайындалды. Олар 25 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру күдігіне ілінген", — деді ол.