13.03.2023, 12:14

Жалғызбасты әйел 27 жыл бұрын перзентханаға тастаған қызына іздеу салды

Фото: turkystan.kz

Жалғызбасты әйел 27 жыл бұрын перзентханаға тастаған қызын іздеп жүр. Бұл туралы тележурналист Гүлмира Абықай Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлады Paryz.kz ақпарат агенттігі turkystan.kz-ке сілтеме жасап.

 

«Жұмыс бітіп, пробкада тұрмын. Безілдеген телефонды көтерсем, ар жақтан жыламсыраған әйелдің даусы естілді: – Қызымды табуға көмектесіңізші, баламнан ажырап қалды – деді, жалынышты үнмен. – Сіз кімсіз? Қызыңыз қайда? Қандай жағдайда ажырадыңыз? Оқиға қашан болған еді? – деп, сұрақты төндірдім. Cөйтсем, ол 1974 жылғы Түркістан облысының тумасы екен. – Жасым 50-ге таяп қалды. Ауырмайтын жерім жоқ. Денсаулығым нашар. Бағып-күтетін қыз керек, – дейді. – Жоқ, енді қызыңыз қайда? Түсіндірсеңізші, десем: – Бұрын 1996 жылы туып, перзентханаға тастап кеткенмін. – Неге? Не себепті? – Әке-шешем қатал қарсы болды. Жүкті екенімді білсе, мені өлтіріп тастайтын еді. Өзім жаспын, оқу жұмыс жоқ, қалай бағамын? Сосын, амалым жоқ перзентханаға тастап кеттім. Енді, соны іздеймін. – Сосын? – Не сосын? – Жаңа туған әлдиді тастап, қайда бардыңыз? – Үйіме бардым. Ештеңе болмағандай, әкем мен бауырларым білмейді. Көп ұзамай анам қайтыс болды. Бауырларым үйленіп, әйелімен кетті. Ал, мен сол күйі күйеуге тимедім. Енді міне 50-ге де келіп қалдым. Өзімді қарайтын адам керек, – деді. – Ал, жақсы мен қызыңызды тауып беремін. Бірақ, ол қыз сізге құстай ұшады деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине! Жақсы отбасы асырап алған болса, өз өміріңізбен бірге оның да өмірін құртасыз ғой – деп, бастаған ем, телефонды өшіре салды» – деп жазды тележурналист.