26.12.2022, 11:05

Үйлері 8 жылға тоқтап қалған дәрігерлер Тоқаевтан көмек сұрады

фото: podmoskovye.bezformata.com

Астананың медицина қызметкерлері «Денсаулық Бақыт» тұрғын үй кешенінің құрылысы тым ұзаққа созылғанына наразылық білдіріп, Президентке бейнеүндеу жолдады, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

"Біз «Денсаулық Бақыт» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымыз, бұл медицина қызметкерлерінің үйі. Бізге көмектесуіңізді сұраймыз! Біздің үй 8 жыл бойы салынып келеді! 8 жыл бойы дәрігерлер өз үйлерін күтіп отыр. Біз Алтай Көлгіновке де, құрылыс компаниясына да талай мәрте хат жаздық, әкімдікке және Президентімізге жазып отырмыз! Қасым-Жомарт Кемелұлы, бізге назар аударыңызшы! Дәрігерлер адам өміріне араша түседі, күнделікті ем-дом жасайды, неге бұл жоба бізге берген уәдесін орындамайды? Кездесуде ТК жобасының өкілі біздің үйді 24 желтоқсанда тапсыруға уәде берген болатын! Қазір ештеңе жасалмады! Вице-министрдің ресми хатында үй 2022 жылдың қазан айында толық тапсырылады деп көрсетілген. Бізге өз пәтерімізге қоныстануға көмектесіңіз! Кінәлілерді жазалаңыз!",- делінген дәрігерлердің үндеуінде.

«Денсаулық Бақыт»  – Астана – Қарағанды тас жолының бойындағы Алматы ауданында орналасқан эконом-класты тұрғын үй кешені.

Кешенді салушы компанияның атауы да – «Денсаулық Бақыт». Ашық дереккөздерден үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғаны туралы ақпарат табуға болады. Алайда коммуникациялардың жүргізілмеуіне байланысты мұның мүмкін болмай отырғаны айтылған.