03.10.2022, 13:36

Елімізде «Бақытты отбасы» бағдарламасы үшін ажырасушылар күрт көбейген

фото: ашық дереккөз

Аталған бағдарлама бойынша өтініштердің 50 пайыздан астамы толық емес отбасылардан келіп түскен. 

«Бақытты отбасы» бағдарламасынан толық емес отбасы санаты алынып тасталды. Себебі кейінгі жылдары ажырасқандар саны көбейіп кеткен.

Бұл туралы бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол мәлімдеді. 

«Талдау нәтижесін ескеріп, отбасы институтын сақтау және ынталандыру үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасынан толық емес отбасы санаты алынып тасталды. Сондай-ақ басым санаттар бойынша бірыңғай тәсіл қағидаты ескеріліп, жетім балалар, 1-2 топтағы мүгедектер енгізілді. Жүргізілген мониторинг «Бақытты отбасы» іске қосылған сәттен бастап, әкімдіктерде толық емес отбасы санаты бойынша кезекке тұрғындар саны 61,6 мың адамға (72%) артқанын көрсетті. Бұл басқа үй кезегінде тұрғандар үшін тең емес жағдай тудырды», - деді Бауыржан Қабдол.

Оның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша өтініштердің 50 пайыздан астамы толық емес отбасылардан келіп түскен. Оның 35 пайызы жеңілдетілген қарыз алған.

Сондай-ақ комитет төрағасы 2019 жылы «Бақытты отбасы» іске қосылғаннан кейін елде ажырасу көрсеткіші күрт көбейгенін атап өтті.