"5,4 млрд теңге жымқырған": TengriBank-тың бұрынғы топ-менеджерлері күдікке ілінді

"Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Басқа ақпараттар тергеу мүдделері үшін жария етілмеді".

"5,4 млрд теңге жымқырған": TengriBank-тың бұрынғы топ-менеджерлері күдікке ілінді
фото: baigenews.kz

Қаржы монитонирг комитеті Экономикалық тергеу қызметінің жетекшілігімен ведомствоаралық тергеу-жедел тобы "TengriBank" АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеден астам ақша қаражаттарын ұрлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде, деп хабарлады azattyq-ruhy.kz. 

"9 қарашада Алматы қаласының тергеу соты Б.А.Ильясовқа, А.У.Жадықовқа, Н.М.Жылқыбаеваға қатысты 2 айға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Басқа ақпараттар тергеу мүдделері үшін жария етілмеді", - делінген комитет хабарламасында.

Бахтияр Әбдінұрұлы Ілиясов - банк төрағасының бұрынғы орынбасары;

Әсет Өрісбайұлы Жадықов - банктің Алматы қалалық филиалы басшысының орынбасары;

Назгүл Маманшалқызы Жылқыбаева - банк қызметкерлері бақылауындағы мекеме басшысы (жалған құжаттар арқылы 3 млн АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз несие алған).

Еске сала кетейік, 10 қарашада Қаржы министрлігі TengriBank басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Бақтияр Ілиясов пен TengriBank-тің Алматыдағы филиалы директорының экс-орынбасары Әсет Жадықовтың ұсталғанын растаған болатын.