Аружан Саин балалардың ораза ұстауына қарсы екенін айтты

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер, мектеп мұғалімдерінің чатында ораза ұстаған оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселе жиі талқыланып жатқандықтан бұл тақырыпқа қатысты еліміздегі балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның пікірін білген едік, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyk-uni.kz-ке сілтеме жасап. 

Аружан Саин балалардың ораза ұстауына қарсы екенін айтты
Сурет: Halyk-uni.kz

Оның сөзінше, өзі агностик болғандықтан, ешқандай дінді ұстанбайтындықтан бұл тақырыпта сөйлеу қиын.

Дегенмен бұл жағдайда ересектер оразаны өз денсаулығы ерекшеліктерін, денсаулыққа келер қатерін ескеріп, саналы түрде ұстай алады деп ойлайтынын айтады. 

Ал балаларға келсек, олар жеткілікті дәрежеде, жоғары сапада тамақтануы керек. Сол арқылы бүкіл қажетті дәруменді – ақуыз, май, көміртегі, дәрумен, энергияны сіңіруі қажет. Ол бойының, ақылының, жалпы ағзасының сау болып дамуына аса керек. Сол үшін де Қазақстандағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде «Барлық оқушыға тегін тамақ!» реформасын ұсынып жүрмін, – дейді Саин.

Оның сөзінше, әлемдегі жүзден аса елде бұл мәселе әлдеқашан шешілген. Қазақстан да сол тізімде болуы тиіс. 

«Мектеп жасы 6-17 жас аралығын қамтиды. Нақ сол кезде балалардың бойы өсіп, сүйек қаңқасы, бұлшықеті ұлғайып, сондай-ақ зат алмасуы, эндокриндік жүйесі қызметі, миы күрделі түрде қайта қалыптасады. Бұл олардың түпкілікті есейіп, адам ретінде қалыптасқанын білдіреді. Ақпарат ағынының көбеюі, мектеп бағдарламасының қиындауы, сосын қосымша білімнен санасына көп күш түседі», – дейді уәкіл.

Бұған дейін мүфтият өкілі оқушылардың ораза ұстауына қатысты пікір білдірген болатын.