"Кредит орнына малды сатамыз": Ауылда тұратын блогер өмірі жайлы айтты

Ауыл вайнері деген атпен көпшілікке танымал түркістандық блогер ауыл мен қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайының айырмасын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К.-ға сілтеме жасап. 

"Кредит орнына малды сатамыз": Ауылда тұратын блогер өмірі жайлы айтты
Сурет: Exk.kz

Әлеуметтік желіде ауыл вайнері деген атпен танымал Дастан есімді блогер үнемі өзінің жекеменшік қойлары мен сауып отырған сиырларын көрсетеді. Соларды бағып, сүтін қалаға апарып сататын ол ауыл мен қала тұрғындарының жағдайына қатысты жайтты жайып салды.

"Қалада тұратындар ауылдағыларды жағдайы жоқ мүсәпір көреді. Осындай нашар үйде тұрған соң, туысқандары беріп жіберген киімдерін дәл осындай ескі қорада мал баққан соң солай ойлайды. Шындығына келсек, барлығы керісінше. Қолымда тұрған 900 мың теңге. Қалада тұратын қарапайым халық осынша ақшаны қанша уақытта жинайды? Аз уақытта емес екені анық. Бірақ... Бұл ақша бар болғаны менің үш сиырымның сүтін сатып тапқан ақша", — деді ол.

Ауылдағылардың жағдайы төмен деген қасаң ой екенін айтқан блогер несие алмайтынын, ақша қажет болса қорадағы қойды сатып пұл қылатынын да жеткізді.

"Тағы бір айтатыным, дүркіретіп той жасау үшін кредит алмаймыз. Бар болғаны, қорадағы малымызды сатамыз. Құлайын деп тұрған үйде тұрып, туыстарымыз беріп жіберген ескі киімді жуып, жыртығын жамап кисек те, Құдайға шүкір, жағдайымыз ешкімнен кем емес", — деді ол әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбада.

Ұзақ уақыттан бері әлеіметтік желіге ауыл өмірі мен тіршілігінен бейнежазбалар жариялап отыратын Дастан әлі үйленбеген. Ол күнделікті үй шаруасының барлығын өзі істеп, ауылда тұрып қыруар ақша табуға болатынын дәлелдеп жүр.