11.12.2021, 16:08

Шымкентте полиция бөлімінде күдікті қайтыс болды: Кінәлілер жұмыстарынан қуылды

фото: ашық дереккөз

Төтенше оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Шымкентке ІІМ-нен министрдің орынбасары бастаған комиссия келгені де хабарланды.

Қостанай облысының тұрғынын ұстауға қатысқан полицейлер жұмысынан шығарылды. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов айтты деп хабарлайды Paryz.kz

Шымкент Полиция департаменті басшысының мәліметінше, 8 желтоқсанында Шымкентте автокөлік құралдарын ұрлады деген күдікпен бұрын-соңды мүліктік қылмыс пен қарақшылық үшін сотталған Қостанай облысының екі тұрғыны ұсталған. Олардың автокөлігінен көліктерді ашуға арналған техникалық құралдар, радиостанциялар, маңдай шамдар мен қолғаптар табылып, тәркіленгені хабарланды.

Оқи отырыңыз: Шымкентте полиция бөлімінде күдікті қайтыс болды

Ұстау және жеткізу кезінде полиция қызметкерлері күш қолданған. Олардың біреуі ғимаратта өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келген уақытта медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтады, - деді ол.

Полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер қозғалды.

Тағы оқи отырыңыз: Шымкентте полиция бөлімінде күдікті қайтыс болды: Марқұмның досы тергеу кезінде ұрып-соққанын айтты (ВИДЕО)

Осы дерек бойынша жүргізілген қызметтік тергеумен ұстауға қатысқан қызметкерлер және олардың іс-әрекеттеріне бақылауды қамтамасыз етпеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды.

Сонымен қатар олардың қылмыстық істі тергеу шеңберіндегі іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады, - деді полиция басшысы.

Төтенше оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Шымкентке ІІМ-нен министрдің орынбасары бастаған комиссия келгені де хабарланды.