Атышулы "Борат 2" фильмі Гиннестің рекордтар кітабына енді

Саша Барон Коэн комедия немесе мюзиклдегі ерлердің рөлі үшін "Алтын глобус" алған болатын. Ал "Борат-2" фильмі "Үздік комедия" номинациясында "Алтын глобус" иеленген еді...

Атышулы "Борат 2" фильмі Гиннестің рекордтар кітабына енді
фото: ашық дереккөз

Актер Саша Барон Коэн басты рөлді сомдаған "Борат 2" фильмі Оскар тарихындағы атауы ең ұзақ фильм ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді деп хабарлады paryz.kz, zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Фильмнің толық атауы - "Borat Subsequent Moviefilm: Delivery of Prodigious Bribe to American Regime for Make Benefit Once Glorious Nation of Kazakhstan". Еске сала кетсек, бұған дейінгі рекорд 1965 жылы шыққан "Those Magnificent Men in Their Flying Machines or How I Flew from London to Paris in 25 hours 11 minutes" ("Өздерінің ұшу аппараттары бар керемет жігіттер немесе Мен Лондоннан Парижге 25 сағат 11 минутта қалай ұшып жеттім") деп аталатын фильмге тиесілі еді.

Айта кеткен жөн, биыл виртуалды форматта өткен беделді "Алтын глобус" киножүлдесінде Саша Барон Коэн комедия немесе мюзиклдегі ерлердің рөлі үшін "Алтын глобус" алған болатын. Ал "Борат-2" фильмі "Үздік комедия" номинациясында "Алтын глобус" иеленген еді. Кейін актер "Борат" фильміне не себепті Қазақстанды арқау еткенін түсіндірген болатын.

"Бұл - жай ғана комедия. Менің фильмімдегі Қазақстанның шынайы Қазақстанмен ешқандай байланысы жоқ. Мен Қазақстанды Америка Құрама Штаттарында ешкім біле бермейтіндіктен, атылмыш елді таңдадым. Бұл бізге жабайы, комедиялық, жалған әлем құруға мүмкіндік берді. Нағыз Қазақстан - бұл "Боратта" көрсетілген елге мүлде ұқсамайтын заманауи, мақтан тұтар қоғамы бар көрікті ел", - деген еді Саша Барон Коэн.