Танымалдыққа дейін Иманбек Павлодар облысында теміржолшы болған.
Қазақстандық ди-джей Иманбек Зейкеновтің (Imanbek) америкалық орындаушы SAINt JHN-дің "Roses" әніне жазған ремиксі "Грэмми" жүлдесін алды, деп хабарлады paryz.kz.
Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.
"Достар, мен неге бақытты деп ойлайсыңдар? "Грэмми" - біздікі. Музыканттың мансабындағы ең әдемі нәрсе - Grammy-ді жеңу, біз оны жасадық!" - деді ол.
Imanbek-ке "Үздік ремикс" үшін берілетін Грэммиді Ұлттық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы табыстаған.
"Анама рақмет, әкеме рақмет, командама рақмет, менеджерім Кирилге рақмет, Грэммиге рақмет", - деді Imanbek.
Stan.kz-тің хабарлауынша, Грэммидің 63-ші марапаттау рәсімі YouTube арнасында көрсетілді.
Еске сала кетсек, 20 жастағы Иманбек SAINt JHN-дің "Roses" ремиксімен танымал болған. Оның нұсқасындағы трек хит болды және бірнеше апта бойы Billboard Hot 100 диаграммасының үздік ондығына кірді.
Зейкеновтың трегі Apple Music-тің де үздік ондығына енген. Ал Shazam музыкалық қосымшасында 6,5 миллионнан астам қаралым жинаған. Сондай-ақ Яндекс-музыка чартында 5-орынға ілігіп, Spotify-та 4 миллионнан астам тыңдалып, рэп әншісі Saint Jhn-нің YouTube-арнасында миллионнан астам қаралым жинаған.
Тағы оқи отырыңыз: Димаштың бейнебаяны MTV USA рейтингін бастады
Жақында музыканттың Roses SAINt JHN композициясы "Грэмми"(Grammy) сыйлығына ұсынылған еді. Ал танымалдыққа дейін Иманбек Павлодар облысында теміржолшы болған.