Жасырын есірткі сатумен айналысқан 41 бала ұсталды – ІІМ

Былтыр елімізде жасырын есірткі сатумен айналысқан 41 бала ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлады Paryz.kz. 

Жасырын есірткі сатумен айналысқан 41 бала ұсталды – ІІМ
фото: fromprc.ru

2023 жылы есірткі қылмысына қатысы бар 3 мыңдай адам ұсталды. Оның ішінде (жасырын есірткі сатуға қатысы бар, яғни есірткіні жасырып қойып кетумен айналысқан) 41 бала бар, - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл 2063 есірткі қылмысы анықталып, есірткі өткізудің 517 дерегі тоқтатылған.

Әрбір үшінші факт (162 дерек) интернет арқылы жасалады. Сондай-ақ есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 149 фактісі анықталды. 4 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Олар синтетикалық препараттарды жеткізумен және сатумен айналысқан. Оның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топ бар. Қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін 8 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыскерлерден 66 келі есірткі тәркіленді, - деді ресми өкіл.

Жалпы елімізде 16 есірткі зертханасы анықталды. Оның сегізінде синтетикалық есірткі өндірілген: Алматыда – 4, Алматы облысында – 3, Шымкентте – 1.

Есірткі өндірісіне қатысқан 15 адам ұсталды. Олардан 128 келі есірткі мен 390 литр прекурсор тәркіленді. Жалпы тәркіленген синтетикалық препараттардың көлемі артып келеді. Егер 2018 жылы бір жылда жалпы 5 келі жаңа психоактивті зат, былтыр бір тоннадан аса психоактивті зат тәркіленді. Ал биыл 3 айда 225 келі синтетикалық есірткі, жалпы тоқсан ішінде 1,5 тоннаға жуық түрлі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 946 келі марихуана, 237 келі гашиш бар, - деді Шыңғыс Алекешев.

Жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысы бар 300-ден аса адам ұсталған.

Оның ішінде 10 жасөспірім бар. Жалпы есірткі қылмысына қатысы бар деп ұсталғандар – 19-29 жас аралығында, - деді ол.

Ресми өкілі интернет арқылы сатылатын есірткіге бақылау күшейгенін жеткізді.

Бізде «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі бар. Оның көмегімен есірткі сайттарын анықтап, оларды бұғаттау үшін мәліметтерді Мәдениет және ақпарат министрлігіне жібереміз. 3 айдың ішінде есірткінің таралуы туралы ақпараты бар 1 мыңға жуық сайт анықталып, бұғатталды.

Сонымен қатар, есірткі тарататын интернет-дүкендерді анықтау үшін Telegram-бот құрылды. Оған 2 200 қызметкер қосылды. Қазір 52 ірі интернет-дүкен, жалпы аудиториясы 75 мыңнан аса қолданушысы бар 37 бот жойылды», - деді Шыңыс Алекешев.