«Дәрігерді таңдағандай судьяны да таңдауымыз керек»: Танымал адвокат билер институтын қайтаруды ұсынды

Танымал адвокат Макиш Есқараев Adal Adam Youtube арнасына берген сұхбатында Қазақстанның заң, құқық жүйесін қайта қарау қажеттігін айтты

«Дәрігерді таңдағандай судьяны да таңдауымыз керек»: Танымал адвокат билер институтын қайтаруды ұсынды
Фото: Screenshot

Ол заңдарды қабылдағанда қазақ қоғамының қалыптасқан тарихи-құқықтық көзқарасы, менталитеті ескерілуі керек деп отыр.

«Бізде илер соты, институты болған. Мәселен, дау шықса, әділ биге барады. Жарнасын төлеп, билігіне жүгінеді. Яғни қазақ қоғамында адамдар билерді өздері таңдаған. Егер әділ, шыншыл болмаса, бұра тартатын би болса, оған адамдар бармайды. Демек, оның табысы да төмен немесе жоқ болады деген сөз. Ал әділ болса, оған баратын адам көп. Қазір бізде олай емес. Бізде монополия бар, сен мына жерде тұратын болсаң, ана сотқа барасың дейді. Ол соттарды кім тағайындап жатыр, кім сот болады, білмейді. Ал бұрын дау шықса, екі тарап келісіп, «мына биге барайық, сол кісі шешсін» дейтін. Сосын ол би де өзіне артылған сенімнің салмағын түсінеді», — деді адвокат.

Макиш Есқараевтың пікірінше, билер институтының осы тәжірибесін қазіргі сот жүйесіне енгізу керек. 

«Сіз дәрігерді өзіңіз таңдайсыз, адвокатты өзіңіз таңдайсыз, кез келген қызметті өзіңіз таңдай аласыз. Неге біз судьяны өзіміз таңдай алмауымыз керек? Сот системасын емес, органды емес, судьяны. Адвокаттар қай судьяның әділдікке жақын екенін білеміз ғой, бәрібір. Біз де айтар едік мына сотқа барайық, сол шешсін. Алқа билерді таңдаймыз ғой. Біз оларға қарсылық білдіреміз, “мотивированный” немесе “не мотивированный” деп он екі адамды таңдаймыз. Ал неге судьяларды таңдай алмаймыз? Егер сондай тәжірибені енгізсек, әділ судьяларға баратындар көбейеді. Ал басшысының айтқанынан шықпайтындар, әділ шешім қабылдамайтындарға ешкім бармайды. Демек әділ судьялардың табысы өседі, әділдіктен жұрдай судьялар дымсыз қалады. Табыссыз қалу оларға ауыр тиеді. Сондықтан, сол кезде әділдікке өздері үшін ұмтылады», -деді Макиш Ескараев.