22.01.2021, 18:49

Алматыда жүйкесі сыр бергендерді емдеу орталығында шу шықты

фото: видеодан скриншот

Алмаған ақшаларын алды деп қол қойдырып, айлықтарын негізсіз кесіп, ай сайын қарыз ғып шығарады...  

Қызметкерлердің өре түрегелуіне басшылықтың озбырлығы түрткі болыпты. Қызметкерлерге өз міндетінен бөлек, өзге де жұмыстарды артып қояды екен. Ал жалақыларын жырымдап, айына аздаған тиын-тебен төлеуге көшкенде, шыдамымыз шегіне жетті дейді қызметкерлер, деп хабарлады paryz.kz, "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап. "Демеу" әлеуметтік қызмет орталығында жүйкесі сыр берген азаматтар ем қабылдайды. Онда жұмыс істеуге кез келген адамның төзімі де жете бермейді. Бүгін осы мекеменің қызметкерлері жаппай нарызылық білдірді. Айтуларынша, басшылары 3 жылда көресіні көрсеткен. Қызметкерлер өздеріне жүктелген міндеттен өзге жұмыстарды да атқарып келіпті. Ол аздай киінетін бөлмеге дейін бейнебақылау камерасын қойып, ізімізді аңдумен болады деп ашынуда.

"Тарифная месячная ставка 34 680 теңге болған. Қазіргі кезде 51 140 теңге. Міне, алған ақшамыз 71 486 теңге болды, қазір 7819 теңге. Өзіңіз ойлаңызшы, тарифный ставка өседі де, қалғанының барлығы осылай. Ақша қосылып жатыр дейді. Қайда біздің ақшамыз? Қосылып жатқан ақшамыз қайда екен? Бізге жауап берсін!" - дейді "Демеу" әлеуметтік қызмет орталығының қызметкері Ләззат Каримова. 

Ал медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы өткен жылы 40 пайызға артқанымен, бұл мекемеде өзгеріссіз қалыпты. Өзгесін қойып, енді жалақымызды жырымдаған соң шыдамымыз шегіне жетті деп күйінуде. Алмаған ақшаларын алды деп қол қойдырып, айлықтарын негізсіз кесіп, ай сайын қарыз ғып шығарады екен.

"2020 жылы желтоқсанда менің түскен еңбекақым 190 980 теңге болған. Бірақ қолыма 37 мың теңге алдым. Сонда менің қалған ақшам қайда? Каждый айда бізді қарыз ғып қояды. 124 500 теңге қарыз. Қайдан алған қарыз, мен білмеймін", - дейді "Демеу" орталығының қызметкері Мирагүл Нұрәбілова. 

 

"Декабрь айында 2-ақ мың теңге ақша алдым. Бухгалтерге кірген кезде маған былай айтты: "Сен больничныйға шыққаның үшін 78 мың удержание ұстап қалдық. Біз саған қарыз емеспіз", - деді. Одан кейін екінші бухгалтерге кіргізді, ол кісі тыңдағысы да келмеді", - дейді орталық қызметкері Үміт Ережеп. 

Ал әлеуметтік қызмет орталығының басшысы дау тудырған жалақы мәселесіне есепші тарапынан қателік кеткенін жеткізді. Желтоқсан айында қызметкерлердің еңбекақысы дұрыс есептелмеген көрінеді. Ал жаңадан келген бухгалтер жыл басынан бері есептеп, қарыздары бар екенін анықтаған. Әр қызметкердің мәселесін жіті қарап, айлығын жөнге келтіреміз деп сендірді.

"Біздің бірқатар қызметкерлерімізде қырыз пайда болды немесе жалақылары аз болып шыққан. Сондықтан бұл мәселені өз мекемеміздің ішінде шешудеміз. Жалақы дұрыс төленбеді деген шағым түскен жоқ. Қабылдау уақыты барлығына белгілі, мен жұмыс орнымдамын. Мен осыған дейін қызметкерлермен кездесіп, түсіндіріп айттым", - дейді "Демеу" әлеуметтік қызмет орталығының директоры Данипа Ысқақова. 

Емдеу мекемесіндегі шу әкімдікке де жетіпті. Әл-ауқат басқармасының басшылығы арнайы комиссия құрып, тексеру жұмыстарын қолға алған.

"Қазіргі уақытта аталған орталық бойынша комиссия құрылған. Басқарма басшылығының бақылауында тұрған мәселе. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін тиісті шешімдер қабылданатын болады", - дейді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Қаратаев. 

Тексеру қортындысынан кейін тиісті шешім қабылданбақ. Ал қызметкерлер педагог басшыны алып, орнына істің жөнін білетін адам келсе деп отыр.