Ақтау жағалауында бұралқы иттердің демалушыларға шабуыл жасау деректері тіркеле бастады, деп хабарлайды Paryz.kz агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қала тұрғындарының айтуынша, салынып жатқан таунхаустар мен Марракеш жағажайының маңындағы тұрғын үйлердің маңында үйір-үйірімен жүрген қаңғыбас иттерді күнде көруге болады. Олар арлы-берлі өткен жаяу жүргіншілерге шабуыл жасайды.
1-шағынаудан тұрғыны күйеуі екеуінің иттердің жағалауда келе жатқан қызға шабуыл жасағанын алыстан көргенін айтады.
«Күтпеген жерден иттер бойжеткенге тұра ұмтылды. Қатты қорыққан қыз айқайлап көмек шақырып, үрейден бетін қолымен жауып тұрып алды. Бақытына орай, жақын жердегі спорт алаңында жаттығу жасап жүрген жігіт көмекке жүгіріп, иттердің үйірін қуып жіберді. Содан соң есеңгіреп қалған қызды жолға дейін ертіп апарып, таксиге отырғызды», – дейді 1-шағынаудан тұрғыны Елена.
Өткен аптада жергілікті тұрғындардың бірі Руслан да сол аумақтағы иттердің екі баланы талай жаздағанын айтады. Абырой болғанда, балалардың жақын жерде жүрген ата-анасы қайғылы оқиғаның алдын алып үлгерген.
Ветеринарлық станция әзірге жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.