Тау арасында жоғалып кеткен алматылық тик-токер табылды

Жетісу облысында тауға шығып, артынша хабар-ошарсыз кеткен 36 жастағы алматылық тик-токер табылды. Ер адамды табуға құтқарушылар тобы көмектесті, деп хабарлайды paryz.kz.

Тау арасында жоғалып кеткен алматылық тик-токер табылды
Фото: polisia.kz

2023 жылғы 7 маусымда сағат 18:50-де Жетісу облысы ТЖД кезекші байланыс пультіне 1986 жылы туған ер адамның 6 маусымда сағат 15:00 шамасында Ескелді ауданының тауларында орналасқан Бұрхан бұлақ сарқырамасына қарай велосипедпен кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Белгілі болғандай, ол Tik-Tok әлеуметтік желісінде өз блогын жүргізетін алмытылық саяхатшы болып табылады.

«Шақыру орнына 1986 жылы туған азаматты іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге Жетісу облысы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстары Қарабұлақ ауылынан 40 шақырым жерде, Қорын шатқалы мен Бұрхан бұлақ сарқырамасы аудандарында жүргізілді.

Жедел жүргізілген апаттық-құтқару жұмыстарының арқасында ер адамды сағат 12:00-де Жетісу облысы ТЖД құтқарушылар тобы Бурхан бұлақ сарқырамасынан 12 шақырым қашықтықта тапты. Медициналық көмектің қажеттілігі болмады.

Іздестіру жұмыстарын жүргізуге ТЖД-дан 12 қызметкер мен 4 бірлік техника, кинологиялық есеп, 2 қызметкер және аудандық полиция бөлімінің 1 бірлік техникасы жұмылдырылды», - делінген хабарламада.