Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Мемлекет қарыз алғандардың несие тарихын оңалту тетігін қарастырды

Жаңа талап банктерге ғана емес, микроқаржы ұйымдарына да таралады. Олардың ішінде несиелік серіктестіктер, онлайн несие беретін ұйымдар мен ломбардтар бар.

Мемлекет қарыз алғандардың несие тарихын оңалту тетігін қарастырды
фото: 7kun.kz

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы несиелердің шекті мөлшерлемесін реттеу және қарызға батқан адамдарды оңалту шаралары қалай іске асатынын түсіндірді, деп хабарлады paryz.kz, Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Ұйым басшысының бірінші орынбасары Ирина Кушнареваның айтуынша, бүгінде несиені уақытында төлемеген, бірақ қарызын жапқан жеке тұлғаларды оңалту тетіктері талқыланып жатыр. Алдымен ондай адамдардың несиелік тарихын түзету көзделген. Сонда қайта несие алғанда қиындық болмайды.

"Біріншіден, несиелік тарихты сақтау мерзімін қазіргі 10 жылдан төмендету қарастырылып отыр. Ол үшін кредиттік бюро туралы заңға өзгерістер енгізіледі. Осының арқасында, 5-7 жыл бұрын қарызын толығымен жапқан жеке тұлғалар жағымсыз несиелік тарихтан құтыла алады. Ал жаңа несиеге өтініш берген кезде теріс ақпарат шықпайды", - деді Кушнарева, Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Бұдан бөлек, несие алған жеке тұлғаларды оңалтудың қосымша тетіктері қаралып жатыр. Мысалы, адам мерзімі өтіп кеткен қарызды төлеп, бір жылдың ішінде ай сайынғы төлемдерді уақытында жасаса, ол кісіге «оңалған» деген мәртебе беріледі. Бұның барлығы несиелік тарихта көрсетіледі және жаңа несие рәсімделгенде ескеріледі.

"Екіншіден, мерзімі өтіп кеткен қарызы бар адам банкке оңалту процедурасын өткізуге өтініш бере алады. Сол кезде банк алдымен оңалтуды өткізу мүмкіндігін қарастырып, бір немесе бірнеше төлемді кейінге шегеру мәселесін қарастырады. Қарыз алушы жаңа шарттармен берешегін төлей алса, қарызды төлеу кестесі де өзгертіледі. Оңалту жоспары да бекітіледі. Сөйтіп, жаңа кесте бойынша төлемдер уақытында жасалған жағдайда несиелік тарихқа оның оңалғаны туралы жазба енгізіледі", - деп атап көрсетті Кушнарева.

Осылайша, бас кезінде несиені уақытында төлеген, бірақ артынан белгілі бір себептерге байланысты төлем мерзімін өткізіп алған адамдарға қарызын жаңа кестемен жабуға мүмкіндік беріледі. Несиелік тарихы да бұзылмайды.

Ирина Кушнарева несиенің шекті мөлшерлемесін реттеу мәселесін де түсіндіріп берді. Оның айтуынша, осы өзгеріс сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесіне қатысты болып тұр. Осыған орай, ұлттық банктің бірқатар құжатына түзету енгізіледі. Жаңа талап банктерге ғана емес, микроқаржы ұйымдарына да таралады. Олардың ішінде несиелік серіктестіктер, онлайн несие беретін ұйымдар мен ломбардтар бар.

"Несиенің түріне қарай әртүрлі шекті мөлшерлеме қолданылуы негізгі жаңашылдық болып тұр. Мысалы, банктерде кепілдігі жоқ несиелер мен кепілдігі бар және ипотекалық тұрғын үй қарыздарының екі жоғары мөлшерлемесі бір-біріне ұқсамайды. Микронесиелер де солай. Осылайша, қауіп-қатерге қарай шекті мөлшерлеме де бекітіледі", - деп атап көрсетті Кушнарева.

Оның сөзіне қарағанда, несие алатын адамдар үшін көп нәрсе өзгермейді. Себебі қазірдің өзінде сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі бекітілген көрсеткіштен төмен болып тұр.

"Иә, қарыз алушылар үшін елеулі өзгеріс болмайды. Өйткені қазіргі нарықтық сыйақы мөлшерлемелері бекітілген шектен төмен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы өзгерістерді реттеу жүйесін жетілдіру үшін, сондай-ақ, банктерден, әсіресе, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған адамдардың құқығын барынша қорғау мақсатында енгізген болатын", - деп атап көрсетті Кушнарева.

Тағы оқи отырыңыз: "Нұр-Сұлтан мен Астана бір қала ма?": алаяқ өзін ұстап берді

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдағанда биылғы жылдың жоспары айтылды. Атап айтқанда, қарызға батқан жеке тұлғаларды оңалту, кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесін реттеу және проблемалық қарыздардың сотқа дейінгі тәртібін күшейту тетіктері енгізіледі.