Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

"Нұр-Сұлтан мен Астана бір қала ма?": алаяқ өзін ұстап берді

Телефондағы әңгімеге қарағанда, азамат өзін Алматыдағы банктердің бірінің қызметкері ретінде таныстырған...

"Нұр-Сұлтан мен Астана бір қала ма?": алаяқ өзін ұстап берді
фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде нұрсұлтандық әйелдің алаяқпен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбасы тарап жатыр. Елорда тұрғыны астананың бұрынғы және қазіргі атауын шатастырған ер адамның алаяқ екенін бірден білген, деп хабарлады paryz.kz

Келіншек пен арам пиғылды азаматтың әңгімесі Instagram желісіндегі v_astane_official парақшасында пайда болды.

Телефондағы әңгімеге қарағанда, азамат өзін Алматыдағы банктердің бірінің қызметкері ретінде таныстырған. Артынша ол әйелдің банк картасының мәліметтерін сұрамақ болып, қателік жіберген.

"Қазір жүйе сіздің мобильді қосымша арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан кіргеніңізді растады. Сіз жүйеге өзіңіз кіріп жатырсыз ба? Сіз тіркеу орны бойынша Астана қаласында емессіз бе?" - дейді ер адам.

Ал жауап ретінде астаналық әйел азаматқа Астана мен Нұр-Сұлтанның бір қала екенін түсіндіреді. Бұл мәлімет алаяқты таңғалдырады.

"Нұр-Сұлтан мен Астана бір қала ма? Білмеппін", - дейді телефондағы дауыс.

Артынша елордалық келіншек "банк қызметкерінен" аты-жөнін қайталауды сұрайды. Ал алаяқ телефонды тастай салады. Желі қолданушылар арам пиғылын жүзеге асыра алмаған алаяқты мазаққа айналдырды, ал кейбірі оның Қазақстаннан хабарласпағанын, сондықтан елорда атауы өзгергенін білмейтінін айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда ең жиі жасалатын алаяқтық түрлері туралы айтқан еді. Тізімде "банк өкілдерінен" түсетін қоңыраулар мен тауарды Instagram арқылы сату бар.