Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Шымкенттің ипподромына мән бермеген Тоқаевты Алматының он талы алаңдатты-ау!..

Ал ол ипподром 33 гектар аумақты алып жатыр. Сол 33 гектар жердің 1,5 гектары – жасыл желекті алқап.

Шымкенттің ипподромына мән бермеген Тоқаевты Алматының он талы алаңдатты-ау!..
фото: ашық дереккөз

Алматыда бір кәсіпкер Sulpak дүкенінің жанындағы ағаштарды рұқсатсыз кесіп тастап, соған кеше президенттің өзі кәдімгідей "алаңдап", қала әкіміне тиісті шара қолдану жөнінде тапсырма берген болатын. Ал бүгін жергілікті прокуратура іске кірісіп-ақ кетті.

Осы жайтты негізге алып, шымкенттік кәсіпкер Болатбек Әлиев Facebook-тегі парақшасына "Бірнеше ағаш үшін бәрі жауап берді. Біз 7 жыл ішінде 1,5 миллионнан астам ағаш отырғыздық. Ешқандай реакция жоқ" деп жазды. Оған желі қолданушылардың бірі "Ипподром туралы да үнсіз" деген пікір қалдырды.

Шынымен де "BI Group" компаниясы Шымкент қаласының әкімдігіне ұсыныспен шығып, ол әрекеттері жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Себебі, құрылысшылар ипподромды қаланың сыртына көшіріп, орнына заманауи тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған. Ал ол ипподром 33 гектар аумақты алып жатыр. Сол 33 гектар жердің 1,5 гектары – жасыл желекті алқап.

Қазір қарап отырсақ, қала экологиясына кері әсер еткелі тұрған осы бір мәселеге мыңқ етпеген мемлекет басшысының Алматыдағы оншақты тал-дарақтың кесілгеніне шыр-пыр ете қойғаны қызық екен. Шымкентте 1,5 гектар жердің көптеген жас желегі оталса да бәрібір сияқты еді ғой бұларға. Енді келіп, Қонаевтың кезінде отырғызылған 5-6 түп кәрі ағашқа бола шен-шекпенділердің түгел өре түрегелгені қай сасқандары?!

Тіпті, бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter желісіндегі парақшасында: "Кеше біз Алматыда ағаштарды жабайылықпен кесу фактісіне куә болдық. Оқиғаның қоғам ашуын тудыруы орынды. Мұндай жағдайларға жол беруге болмайды!" – деп "қатты қайғырған".

Министр, әкім, прокурорларды қойшы, бұл ретте болмашы нәрсені білдей президент басымен Тоқаевтың "жыр қылып" отырғаны ыңғайсыз-ақ. Ірі адам ұсақ мәселе көтермес болар...

Ерік ЕЛЕУСІЗ