Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Алматыда ағаш отағандар тергеле бастады

Уәкілетті мемлекеттік органдардың ол ағаштарды кесуге рұқсат бермегені анықталды.

Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Алматыда ағаш отағандар тергеле бастады
фото: ашық дереккөз

Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Төле би мен Әуезов қиылысы төңірегіндегі ағаштарды заңсыз кесуге қатысты қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа тапсырма берген еді. Бүгін жергілікті прокуратура бірден тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасына: "Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды" деп жазды.

Ал қалалық прокуратура Sulpak дүкеніне іргелес аумақты абаттандыру кезінде жеке кәсіпкердің ағаштарды заңсыз кесу фактісіне жауап берді.

"Уәкілетті мемлекеттік органдардың ол ағаштарды кесуге рұқсат бермегені анықталды. Аталған факт бойынша Алматы қаласының табиғатты қорғау прокуратурасы ҚР ҚК-нің 340-бабы ("Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады", - делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеуді Алматы қалалық прокуратурасы бақылауына алды.