Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Сағынтаев әкімдікке жетіп барған көпбалалы аналарды қабылдамай қойды

"Көп адам тегін алғысы келеді. Бізде кезекте тұрған бұндай мыңдаған кісілер бар..." - дейді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы.

Сағынтаев әкімдікке жетіп барған көпбалалы аналарды қабылдамай қойды
фото: видеодан скриншот

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Халықаралық әйелдер күні мерекесінің қарсаңында өзіне келген аналардың алдына шықпай қойды. Көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар мереке қарсаңында қала басшысына өздерінің бірқатар мәселелерін айтуға келген, деп хабарлады paryz.kz, 31 арнаға сілтеме жасап.

Ондаған жылдар бойы пәтер жағалап жүрген аналар тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегі жылжымай қалды деп қапалы. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған олар жергілікті биліктен көмектің көрсетілмейтінін айтып ашынуда.Әйелдерді мейрам қарасаңында гүл мен сыйлық тасып абыр-сабыр болған әкімдік қызметкерлері кіреберістен әрі өткізген жоқ.

Тұрғын үй басқармасының өкілі Ермек Әміров биыл осал топтарға тұрғын үй қорынан 400 пәтердің кілті табысталатынын айтты. Оған қоса, 400-ге жуық көпбалалы отбасыға арендалық баспана беріледі. Бірақ, барлығы тек өз кезегімен алады деп отыр.

"Бұл азаматтар кезекте тұр. Кезек тәртібімен мемлекет тарапынан арендалық үй алатын болады. Бірақ кезегін күткісі келмесе, жеңілдетілген бағдарламалар бар. "Шаңырақ" пилоттық бағдарламасы, "Бақытты отбасы" бағдарламасы бар. Сол бағдарламаға қатысу керек", - деді Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары.

Бірақ бұл бағдарламаларға қатысу үшін банкке бастапқы жарнаны құйып, төлем қабілеттілігін растауы керек. Тіпті, әкімдік тарапынан қайтарымсыз 1 миллион теңгенің сертификатын берсе де тұрақты жұмысы бар екенін дәлелдеулері шарт. Ерекше балаларына бас-көз болып жүретін аналар, жұрт қатарлы жұмыс та істей алмайтындықтарын айтады. Бұл мәселені шешуге қауқарымыз жетпейді деген әкімдік, министрліктен көмек сұрап, сауал жолдадық дейді.

"Көп адам тегін алғысы келеді. Бізде кезекте тұрған бұндай мыңдаған кісілер бар. Сондықтан бізде өкінішке қарай "ал да осы кісілерге бере сал" деген мүмкіндік жоқ", - дейді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Нәзира Тоғызбаева.

Тағы оқи отырыңыз: "Кейде мүлікті сындырып кетеді...": көпбалалы аналар Nur Otan-нан пәтер сұрап жүр

Мүгедек балалардың аналары Нұр-Сұлтан әкімдігінде қонып шықты

Қазір Алматыда тұрғын үй қорынан баспана кезегін күтіп жүрген 27 мың 700 адам бар екен. Дәл осы қарқынмен жыл сайын 800 пәтер берілетін болса, онда дәл бүгінгі күні ең соңы болып кезекте тұрған азамат арендалық тұрғын үйге 34 жылдан кейін қол жеткізеді екен.