Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Кейде мүлікті сындырып кетеді...": көпбалалы аналар Nur Otan-нан пәтер сұрап жүр

"48 мың адамды ысырып, сол әйелдерге пәтерді үлестіру керек пе? Олар "иә, басқада шаруам жоқ" дегенге келтіреді. Онда заң қайда қалады? Не үшін кезекті түзді?" - дейді әріптесіміз.

"Кейде мүлікті сындырып кетеді...": көпбалалы аналар Nur Otan-нан пәтер сұрап жүр
фото: ашық дереккөз

Республикалық "Айқын" газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев Facebook-тегі парақшасына елордалық көпбалалы аналардың Nur Otan партиясының бас ғимаратына келіп, баспана талап етіп, тіпті, мүліктерді сындырып кететінін жазды, деп хабарлады paryz.kz.

"Ара-тұра партия ғимаратына бір топ әйел келеді. Кейде мүлікті сындырып кетеді екен. Талап біреу – "тура осы жерде баспана тауып бер". Ал елордада үй кезегінде 48 мың адам тұр ғой. Оның 2700-дейі - жетім, 4800-ден астамы - көпбалалы ана, 18,9 мыңы - тұрмысы нашар отбасы өкілдері, 21 мыңы - дәрігер, ұстаз, мемлекеттік қызметкерлер екен. Олар ше? 48 мың адамды ысырып, сол әйелдерге пәтерді үлестіру керек пе? Олар "иә, басқада шаруам жоқ" дегенге келтіреді. Онда заң қайда қалады? Не үшін кезекті түзді? Біздің қоғамда "көпбалалы анадан ештеңе аямау керек" деген ұғым қалыптасты. Бірақ әрбір іске бейтарап қарау да керек", - дейді әріптесіміз.

Оның айтуынша, баспана тапшылығын әкімдіктің салатын пәтерімен шешу тым қиын. Тіпті, елордада пәтерге қолы жете алмай жүргендер саны 48 мыңнан бірнеше есе көп көрінеді. Себебі, ішкі миграция тоқтамай жүріп жатыр.

"Шешім - нарықтағы бағаны түсіру, ипотека пайызын азайту, табысты жоғарылату болуы тиіс, меніңше. Еуропа елдеріндегідей шынайы 3-4%. Бірақ біздің инфляция, Ұлттық банктің 9% ставкасымен... Жалпы, отбасылар "Отбасы банкке", зейнетақы жинағына, әкімдіктің кезегіне телмірмеуі тиіс. Бірақ табыс телміртеді", - дейді Нұрмұхамед Байғараев.

Сондықтан көпбалалы әйелдер баспананы Еуропадағыдай жеке банктердің қолжетімді бағасымен өз бетінше алуы керек екен. Сонда азаматтың Үкіметке тәуелділігі кемиді-міс. Сөйткен жағдайда ғана еркін азаматтық қоғам құрылуы мүмкін. Бірақ қазір ондай емес.

Ал желі қолданушы Алтынай Омар: "Баланы көп туған ғана деп елене берсе, еңбекқор білімділер отбасымен көшіп кетеді", - деген қаупін айтса, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы: "Ұрлықты тыйсақ, бәрі болмаса да, 4 баладан көп баласы бар отбасыларды қамтамасыз етуге болар еді..." - деген үмітті алға тартқан.