Прямая трансляция

Астана

Астана

7°C

Петропавлда жатақханасы өртенген тұрғындар биліктен жаңа баспана беруді талап етуде

Сондай-ақ 300 мың теңгеге жетпейтін қаржылық көмекке жыртығымызды да жамай алмаймыз ғой дейді олар.

Петропавлда жатақханасы өртенген тұрғындар биліктен жаңа баспана беруді талап етуде
фото: видеодан скриншот

Петропавлдағы жойқын жарылыс болған жатақхана тұрғындары биліктен жаңа баспана беруді талап етті. Үрейленіп қалған халық әкімдік өкілдері жөндеп береміз деген жатақханаға қайтып оралғылары келмейді, деп хабарлады paryz.kz, 31 арнаға сілтеме жасап.

Сондай-ақ 300 мың теңгеге жетпейтін қаржылық көмекке жыртығымызды да жамай алмаймыз ғой дейді олар.

Есіктерін жұлып, терезелерді қиратқан жарылыстан кейін жатақхананың алдына жиналған тұрғындар баспаналарына қайтып оралғылары келмейді. Өйткені іргетасы қозғалып, қабырғалары қираған үй қандай жөндеу жүргізсе де тұруға жарамсыз деп санайды. Және жатақхананың қабырғалары қағазша құлап, барлығымыз үйіндінің астында қаламыз деп қорқады. Ал жергілікті билік жөндеу жұмыстарын тек көзбояушылық үшін жүргізіп береді дейді.

"Тегін ештеңе сұрап тұрған жоқпыз. Осы үйдің сомасын төлеп, қалғанын бізге кредитке аз процентпен бір үй берсе. Өйткені мына үйлерде енді тұру қорқынышты", - дейді тұрғындардың бірі Камила Шакирова. 

Тұрғындар жойқын жарылыстан баспаналары қирап, мүліктерінің сау тамтығы қалмағанын айтады. Сондықтан жергілікті билік бір реттік көмек ретінде берілетін 270 мың теңге тұрмыстық техникаларды да алуға жетпейді дейді.

"Барлық мүлкім жанып кетті. Тұрмыстық техника, теледидар, ас үй жиһазы, жуынатын бөлмелерді жөндегенмін. Киім-кешек, бәрі бүлінді. Үстімдегі киіммен ғана қалдым. Ал 300 мыңға енді не аламын?" - дейді тұрғын Мұхамедқали Аяқбергенов. 

Жатақхананың алдына жиналған тұрғындарды жергілікті билік өкілдері қалалық әкімдікке шақыруға тырысты. Олардың сөзінше, жатақхананың жағдайына байланысты сараптама дайын болған соң ғана нақты шешім шығуы тиіс.

"Сараптама нәтижесін күтеміз. Үйдің қабырғаларын қайта қалыпқа келтіруге бола ма, не істеуге болады, осының барлығы апта соңына қарай сараптамадан кейін белгілі болады", - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Тағы оқи отырыңыз: Петропавл орталығындағы жатақханада газ жарылып, тұрғындар қаза тапты (ВИДЕО)

Еске сала кетсек, бұрынғы жатақханада өрт 21 ақпанда болған. 120 адам эвакуацияланды, екеуі қаза тапты. Енді тұрғындар университет жатақханасына орналастырылды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, пәтер иелері қаржылай көмек алады, ал үй бюджет есебінен қалпына келтіріледі.