Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

"Жамал Жаманбаеваға жазықсыз жала жабылып жатыр" - Ашық хат

Гүләйім Дәуітбай Маңғыстау медицинасы саласында болып жатқан сорақылықтарға облыс әкімі Серікбай Трұмов кінәлі екенін, егер аймақ басшысы жұмыс істей алмаса, өзін алдап жүрген "командасын" алып кетуін талап етті.

Бірнеше күннен бері Жамал Жаманбаева апамызға араша түсіп, шырылдап жатқан қадірлі жанашыр қауым! Әлеуметтік желіде...

Опубликовано Нургул Хасановой Суббота, 6 февраля 2021 г.
"Жамал Жаманбаеваға жазықсыз жала жабылып жатыр" - Ашық хат
фото: tumba.kz

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаеваның лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ұсталып, қамауға алынғаны туралы ақпараттардың пайда болғаны мәлім. Ал әлеуметтік желілерде оның әлдебір топтардың "құрбаны" болып, жала жабылып отырғанын айтқан жұртшылықтың жазбалары көбейіп кетті, деп жазды paryz.kz.

Осы орайда көпшілік дәрігерді босатуды талап етіп, құзырлы органдарға Ашық хат жазған.  

"Күні кешеге дейін Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарған Жамал Әбдібекқызы Жаманбаеваның қазіргі таңдағы жан ауыртар жағдайы біздің қабырғамызға қатты батады. Өмірінің 33 жылын Маңғыстау медицинасының дамуы мен өсіп-өркендеуіне арнаған, қаншама ана мен баланы ажалдан арашалап қалған, шын мәніндегі атына лайық ақ желеңді абзал жанның "жаптым жала, жақтым күйенің" құрбаны болып, бір күнде кінәлі болып шыға келуі ақылға сыймайды", - делінген онда.

Пандемия кезінде өзі де сырқатқа шалдығып, 10 күн реанимацияда жатып, бір ай бойы ауырған, науқасынан толық айықпай, емін аяқтамай жатып жұмысқа шығып кеткен Жамал Әбдібекқызының жағдайы қазір өте нашар көрінеді.

"Желідегілердің жазбаларына сүйенсек, фиброзға шалдыққан өкпесінің 40%-ы жарамсыз. Алматылық журналист Махмут Қосмамбетовтің жазуынша, "осының алдында комаға түскен оны тек укол салдырып, қайта қамаған". Бұл не деген сұмдық? Медициналық тұрғыдан қарағанда, адам денсаулығына салғырт қарау болып саналатын, қарапайым адамгершілік, гуманизм тұрғысынан қарағанда да асқан қатыгездік болып есептелетін мұндай жауыздыққа құқықтық, зайырлы қоғамымызда неге жол беріледі? Құқық қорғау органдары тарапынан мұндай бассыздыққа жол берілмеуін, дереу тоқтатылуын талап етеміз!" - дейді Ашық хат иелері.  

Сондай-ақ журналист Гүләйім Дәуітбай да өзінің желідегі парақшасында бұл іске қатысты "сұрақ көп" екенін, осы орайда журналистік зерттеу жүргізгенін жазды.

"Қазақстан Республикасының Үкіметі, Жоғарғы Сот, Бас Прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іске араласып, жалпы Маңғыстау медицинасындағы, сондай-ақ қазір болып жатқан жағдайды, компанияларды терең, жан-жақты әрі әділ тексеруі қажет!" - деді ол.

Осы орайда әріптесіміз өзінің facebook-тегі парақшасында Маңғыстау медицинасы саласында болып жатқан сорақылықтарға облыс әкімі Серікбай Трұмов кінәлі екенін, егер аймақ басшысы жұмыс істей алмаса, өзін алдап жүрген "командасын" алып кетуін талап етті.

Тағы оқи отырыңыз: Маңғыстау облысының бас дәрігері 63 млн теңге жымқырған

Әлеуметтік желі қолданушылары дәрігерді қорғап жазылған өзге де жазбаларды жаппай бөлісіп, жүздеген, мыңдаған пікір қалдырып жатыр.