Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Шымкенттегі жемқорлықтан шаршаған мұғалімдер тексерісті елордадан күтеді

Әуесхан Нұрмахан атты азамат: "Жарты ставкамен істеп жатқандар көп. Мектепке басыңды тығу үшін 700 мың алады Түркістан облысында. Бермесең, жүре бересің", - деп өзі білетін бір шындықты айтқан.

Шымкенттегі жемқорлықтан шаршаған мұғалімдер тексерісті елордадан күтеді
фото: видеодан скриншот

Кеше Шымкент қаласындағы №4 мектептің мұғалімдері жаңадан келген директорларын «кадрлық бизнеспен айналысады» деп айыптаған еді. Бүгін заңгер Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасында сол шудың басында жергілікті билікті әбден жемқорлықтың жайлап алуы тұрғанын баса айтты, деп жазды paryz.kz.

"Жемқорлыққа қатысты тағы бір мектептен шу шықты! Шымкент мектептері жемқорлық жайлы ашық айтуды бастады! Бұл да өзгеріске бір қадам. Білім ордасында сағаты сатылып жатса, білім қайдан оңады дейсің?!" деп жазды Айгүл Орынбек, КТК телеарнасындағы арнайы сюжетті жүктей отырып.

Осы орайда, шымкенттік Жанат Тәжиева есімді желі қолданушы барлық мұғалім осылай ашық қарсылық таныта берсе, түбінде сыбайлас жемқорлыққа да нүкте қойыларына сенім білдірген.

"Білім басқармасына қарасты 750-ден астам мекеме бар. Қайта ұстаздар ашық түрде телеарна шақырып, наразылықтарын жариялап жатқаны өте орынды. Осылай ашық жариялана берсе, сыбайластыққа да нүкте қойылары анық. Бұл мәселе – жыл басынан бері келе жатқан даулы іс. Сот процесі бірнеше рет жалғасып, соңғы нүкте қойылған. Ұстаздарға сот шешімінде белгіленген қаржы толық төленген. Ал ұстаздардың өтініші басқармаға тіркелмеген. Зерделеніп, тиісті шара көріледі", - деген пікір қалдырды ол.

Ал Әуесхан Нұрмахан атты азамат: "Жарты ставкамен істеп жатқандар көп. Мектепке басыңды тығу үшін 700 мың алады Түркістан облысында. Бермесең, жүре бересің", - деп өзі білетін бір шындықты айтқан. Сондай-ақ, Алатау Әлімова деген кісі де: "Менің қызымды сыйыстырмаған соң, басқа мектепке ауыстырдым", - деп отыр.

Тағы оқи отырыңыз: Мұғалімдер мектеп директорын "кадрлық бизнеспен айналысады" деп айыптауда

Бұл ретте, Шымкент қалалық білім бөлімі аталған мектепті тексеруге уәде бергенмен, ашынған мұғалімдер тексеріс қаладан емес, елордадан келсе, талай былықтың беті ашылатынын алға тартуда. Демек, өңір билігі сол былыққа белшеден батса керек.