Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

Мұғалімдер мектеп директорын "кадрлық бизнеспен айналысады" деп айыптауда

Кеткен мұғалімдердің бірнешеуі сотқа жүгініп, жұмысқа қайта орналасқан. Бірақ жалақы алғанымен, зейнетақы қоры, әлеуметтік сақтандыру мен медициналық сақтандыру сияқты міндетті жарна аударылмай қалған.

Мұғалімдер мектеп директорын "кадрлық бизнеспен айналысады" деп айыптауда
фото: видеодан скриншот

Шымкентте мұғалімдер директорына қарсы шықты. Педагогтардың айтуынша, қаладағы №4 мектептің басшысы ауысқалы ұжымнан береке кеткен, деп хабарлады КТК телеарнасы.

"Cебепсіз жұмыстан шығару, ұжым мен ата-анадан ақша жинау деген бұл мектепте қалыпты нәрсеге айналды", - дейді наразы топ.

Сонымен, директор орынтаққа жайғаса сала, өзіне ұнамды-ұнамсыздарды іріктеп, жақтырмағандарын кабинетіне шақырып, жұмыстан кетуге арыз жаздырған. Кеткен мұғалімдердің бірнешеуі сотқа жүгініп, жұмысқа қайта орналасқан. Бірақ жалақы алғанымен, зейнетақы қоры, әлеуметтік сақтандыру мен медициналық сақтандыру сияқты міндетті жарна аударылмай қалған.

"Соның салдарынан бізде Тайтөлеева Гүлнұр ұстазымыз декреттік демалыс ала алмай қалды. Мен мемлекеттік "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша үй ала алмай қалдым. Және соның кесірінен Жақыпбекова ұстазымыз да соған қол жеткізе алмай отыр. Көбісі 0,5 мөлшерлемемен отыр. Оны ешкім айта алмайды. Мына заманда, пандемия кезінде отбасын асырау керек, ертең директор артыма түсіп ала ма деп. Міне, біздің артымызға түсіп алғаннан кейін жүрміз, бір жыл бойы", - дейді Феруза Бөбеева атты мұғалім.

"Дамира Манкеева директор болғалы мектептегі кадрлық бизнестің де көркін қыздырды", - дейді наразы ұстаздар. Яғни сағат аз болса да, мұғалімдер көбейіпті. Ұнасаң, сағатың көбейіп, ұнамасаң, аяқасты ақысыз демалысқа шығып кетуің де ғажап емес екен. Декретте жүргендер орнына келе алмайды. Оның орны өзге мектептен келетіндерге берілетін көрінеді. Өзі қалаған адамын кез келген пәнге маман ете салады екен.

"Ақпан айынан бері мені мұғалімдер жұмысын ұйымдастырушыға ауыстырды. Қыркүйекте ұйымдастырушыға ауыстырды. Сөйтіп, әрқайсысына ауыстырып, ақыр соңы қыркүйек-қазанда хатшы етіп қоймақшы болған. Мен хатшы болып істемеймін дедім", - дейді мұғалім Майра Қыдырбаева.

Мұғалімдер тексеріс десе, зәреміз ұшады дейді. Себебі, мектепке салынған айыппұл жалпы ұжымның мойнына салық боп ілінеді екен. Ақша жинау мәселесін мектепке кездейсоқ келген ата-аналар да айтып қалды. Мәселен, бүгін СЭС келеді деп, 4-сынып оқушыларын қайтарыпты. Ал СЭС-ке дайын болу үшін әр оқушы ақша өткізу керек екен.

"Әр оқушыдан 500 теңгеден жинады. Егемендік алғанымызға 29 жыл болды. Егемендік алыппыз деп мына жерде айқайлаймыз. Сонда үкіметтің СЭС-тің құралымен жабдықтауға шамасы келмей ме? Басшы қайда қарап отыр?" - дейді оқушының анасы Ұлболсын Базарбекова.

Ал мектеп басшысы ақша жина деп ешкімді қыстаған жоқпын деп отыр. Адал әрі жұмсақ мінезімді кей мұғалімдер басынады деп кейіді ол. Жұмыстан кетіп, сот шешімі арқылы келгендерді де еш қыспаққа алмапты-мыс.

"Бұл кісілер: "Бізді осы қиын, пандемия кезінде жұмысқа қайтып орналастырмаса, біз Тоқаевтың алдына барып, өз-өзімізді өртейміз", - деді. Сондықтан осындай резоноанс жағдай болмас үшін олардың орнына мен ешкімді жұмысқа алғам жоқ. Ешқандай кадрлық бизнес бізде жоқ. Еш нәрсеге ақша жинамаймыз. Неғыламыз жинап ақшаны? Барлығымыз жалақыға өмір сүреміз", - дейді №4 мектептің директоры Дамира Манкеева.

Басшыға қатысты мұғалімдер тобы жыл басынан бері Шымкенттегі құзырлы орындардың барлығына шағым түсіріпті. Жұмыстан шығып, қайта кірген педагогтардың арызынан соң қатаң сөгіс те алған екен. Ал қалалық білім бөлімі бұл мектепті тағы да тексеретін болды. Бірақ мұғалімдер тексеріс қаладан емес, елордадан келсе, талай былықтың беті ашылатынына сенімді.