Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Ештеңе айтпаймын": Өтемұратовтың компания қызметкерлеріне жазған хаты жарияланды

"Қазір бір ғана нәрсе айта аламын. Бұл - менің және компанияларымның репутациясын шайқап, бизнесімді ақсатуға жасалған шабуыл. Біз өзіміздің ақ екенімізді дәлелдейміз...", - деген олигарх. 

"Ештеңе айтпаймын": Өтемұратовтың компания қызметкерлеріне жазған хаты жарияланды
Фото: ашық дереккөз

Бүгін Болат Өтемұратовтың атынан компаниялар тобының қызметкерлеріне хат тарады. Онда Өтемұратов өзіне мүлкіне ағылшын сотының салған санкцияларына қатысты пікірін айтқан, деп хабарлады paryz.kz, malim.kz-ке сілтеме жасап. 

Олигарх бұл істі репутациясына кедергі келтіріп, бизнесіне залал тигізбек болғандардың әрекеті деп түсіндірген. Хаттың растығын "Верный Капитал" компаниялар тобының баспасөз қызметі растаған.  Хат мәтінінің мазмұны былай:

"Қазір жұрттың көбі жазып, айтып жатқан жайттарға қатысты жеке өзім сіздерге хат жазуды дұрыс деп шештім. Өйткені, бұл - өте маңызды.

Өткен аптаның аяғында ағылшын сотынан электронды почтамызға "Верный Капитал" компаниялар тобының қаржысына бұғаттау қойылғаны туралы құжаттар тізімі келді. Бұл БТА банк ісіне қатысты делінген.

Таңғалғанымды жасырмаймын. Жедел түрде анығын білуге кірістік. Заңгерлер соттың шешімі жалған құжаттар негізінде шыққанын анықтады. Қазір сол шешімнің күшін жою үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұған біраз уақыт керек. Бірақ бәрі дұрыс шешілетініне сенімдімін. Қазір іс қайта қаралып жатқанда, мен ресми түрде ештеңе айтпаймын. Барлық компаниялар қалыпты режимде жұмысын істей береді.

Қазір маған сіздердің сенімді болғандарыңыз керек. Бұл жағдайлардың бәрі сіздерге, отбасыларыңызға қалай әсер етіп жатыр екен деп уайымдаймын. Қаншама сұрақтар туындағанын да ойлап отырмын. Бұлыңғыр, түсініксіз жағдайлар тұтунышылар мен достардың, жақындардың қарым-қатынасына әсер ететінін түсінемін.

Қазір бір ғана нәрсе айта аламын. Бұл - менің және компанияларымның репутациясын шайқап, бизнесімді ақсатуға жасалған шабуыл. Біз өзіміздің ақ екенімізді дәлелдейміз. Өз мақсатымызды орындау жолында және компаниялардың, тұтасымен алғанда елдің даму ісінде сабыр сақтап, жұмыс істей беруге шақырамын".

Айта кетейік, 1 желтоқсан күні Ұлыбритания азаматтық соты Болат Өтемұратовтың 5 миллиард долларын бұғаттағаны туралы ақпарат шықты. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, бұл бұғаттау Қазақстанда атышулы "БТА Банк ісімен" байланысты. Британиялық сот олтгарх Өтемұратовты "БТА банктен ұрланған ақшаны жасыруға қатысы бар" деп айыптайды екен.

Ал Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған ДВК басшысы Мұхтар Әбілязов "Болат Өтемұратов үй қамақта" деп ақпарат таратқан еді.

Тағы оқи отырыңыз: Өтемұратов британиялық сотқа шағым дайындап жатыр

Бұған дейін қазақстандық миллиардердің өкілі Ерлан Оспанов мәлімдеме жасап, британиялық соттың шешімі Болат Өтемұратовтың бизнесіне еш кедергі келтірмегенін айтқан болатын.