Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

БҚО-да әйеліне заңсыз жалақы төлеген бас дәрігер тек сөгіспен құтылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері келтірілген шығын көлемі тым аз, небәрі 476 мың теңге деседі. Сондықтан қылмыстық іс қозғамапты.

БҚО-да әйеліне заңсыз жалақы төлеген бас дәрігер тек сөгіспен құтылды
фото: видеодан скриншот

Пандемия өршіген кезде өз әйеліне заңсыз жалақы төлеген аудандық аурухананың бас дәрігерінің ісі қылмысқа жатпайды. Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері осылай деп отыр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, бүгінде барлық ақша бюджетке кері қайтарылған. Сондықтан қылмыстық іс қозғалмайды. Ал аурухана қызметкерлері адам жанының арашашысы болудан гөрі ақшаға ұмтылған басшының бұл ісі - дәрігерге жат қылық деп отыр.

Тағы оқи отырыңыз: БҚО-да бас дәрігердің әйелі ауруханадан заңсыз жалақы алған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері келтірілген шығын көлемі тым аз, небәрі 476 мың теңге деседі. Сондықтан қылмыстық іс қозғамапты.

"ҚР Қылмыстық Кодексінің 361-бабы, яғни қызметтік өкілеттіліктерін теріс пайдалану бабымен қылмыстық істі тіркеуге негіз жоқ. Себебі келтірілген шығын елеулі зиянға сәйкес келмейді. Яғни 200 АЕК-тен аспайды. Сондықтан басқа да қылмыстық құқық бұзушылық сипаттары анықталған жоқ", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет.

Бүгінде бұл іске тексеру жүргізіліп, ақырғы шешімді қабылдау облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүктеліпті. Ал басқарма әйелін жарылқаған бас дәрігерге қатаң сөгіс берумен ғана шектелген. Бірақ аурухана қызметкерлері бұл шешіммен келіспей отыр.

"Бұл кісі коллективтің арасына іріткі салып отыр ғой. Содан кейін ол пандемияның, аурудың күшейген уақыты, пик заболеваемости ғой. Сол кезде коронавируске байланысты адамдар қырылып жатқан жағдайда ол өз мүддесін көздеп, қызметтік бабын асыра пайдаланып, ақша алуды ойлаған. Қанша жерден бастық болса да, ешқандай адамгершілікке жатпайтын дүние ғой. Пандемия кезінде жалған құжат жасап, бюджет қаржысын жымқырған басшының қатаң сөгіспен құтылғанына аурухананың 20 қызметкері наразы", - дейді аурухана хирургы Марлен Жарылғасынов.

Бүгінде олар өз талабын хатқа түсіріп, прокуратураға жолдапты. Олардың айтуынша, бұл іс әділ қаралып, кінәлі лайық жазасын алуы тиіс.