Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

БҚО-да бас дәрігердің әйелі ауруханадан заңсыз жалақы алған

Жұрманова "күніне 8 сағаттан жұмыс істеп", 6 күнде 274 мың теңге алған, екінші қызметкер 200 мың теңгеден астам қаражат тапқан.

БҚО-да бас дәрігердің әйелі ауруханадан заңсыз жалақы алған
фото: aigak.kz

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауылында 2-ші аурухананың бас дәрігері Бекзат Құбаевтың әйелі 2020 жылдың маусымында заңсыз жалақы алған. Бұл туралы аурухананың екі дәрігері мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz, "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.

Аурухана хирургі Мәрлен Жарылғасынов пен эпидемиолог Мирас Әлібекұлы 2020 жылдың маусымында аурухана жанынан 20 орындық стационар ашылғанын айтты. Жарылғасынов стационарда алдымен 14 күн, содан кейін тағы 10 күн жұмыс істеген. Ол уақытта жағдайдың қиын болғанын, науқастар көбейгенін жеткізді.

Сол жерде қызметкерлердің тізімінен стационарда жұмыс істемейтін 2 адамның атын көрді. Оның айтуынша, соның бірі - аурухана бас дәрігерінің әйелі, акушер-гинеколог Әсемгүл Жұрманова, екіншісі - амбулатория қызметкері.

Төленген қаржы құжаттарына сәйкес, Жұрманова "күніне 8 сағаттан жұмыс істеп", 6 күнде 274 мың теңге алған, екінші қызметкер 200 мың теңгеден астам қаражат тапқан.

"Қиын кезеңдерде пациенттердің денсаулығына қамқорлық жасаудың орнына, олар жай жүріп, ақша алғысы келді", - деді Мәрлен Жарылғасынов.

Куәгерлер бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке хабарлаған. Дәрігерлер 2020 жылдың 27 желтоқсанында арызданған, жауап бір айдан кейін келді.

Жемқорлыққа қарсы агенттік "факт анықталды, алынған ақша мемлекет бюджетіне қайтарылды, қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ" деп отыр.

Ақпанның басында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ғизатолла Лямов бастаған 5 адамнан тұратын комиссия ауруханаға келген. Олар ақша қайтарылғанын және бұзушылықтар жоқ екенін алға тартты.

Жағдайға байланысты аурухананың бас дәрігері Бекзат Құбаев та пікір білдірді.

"Бұл фактіні растаймын. Басшылық тексеру жүргізіп, ақша қайтарылды. Адамдар жетіспей жатқан уақытта менің әйелім жұмысқа тұрды, бірақ оның орнына басқа адам жұмыс істеді. Қалған сұрақтарға жауап бермеймін, басқа ештеңе айта алмаймын", - деді ол.

Ал облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарлары бұл жағдайды білетінін, алайда тексеру жұмыстарымен айналыспағанын алға тартты.