Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Феминистер шеруі – санкцияшыл Еуроодаққа "есеп берген" сиқымыз

Тіпті, Еуропарламент Қазақстан Үкіметіне осы еркіндікке кепілдік беру үшін бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңға өзгертулер енгізуді ескерткен...

Феминистер шеруі – санкцияшыл Еуроодаққа "есеп берген" сиқымыз
фото: ашық дереккөз

Алматыдағы феминистер шеруі қоғамда әлі қызу талқыланып жатыр. Өзін заманауи деңгейде ой қорытып, сөз саптай алатын "тұлға" ретінде көрсетіп жүргендер оның себебін "қазақ дүниетанымы үшін тың тақырып болғандықтан" деп түсіндіруге тырысса, былайғы жұрт азғындықты ашық насихаттай бастағанымыздың түбі жақсылыққа апармайтынын меңзеп отыр.

Бұл ретте біз ол шеруді биліктің бір асығыс жобасы десек, әсте қателесе қоймаспыз. Себебі, таяуда ғана Еуропалық парламент "Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуын" алға тартып, сол үшін Еуропалық одақты Уганда, Руанда елдерімен қатар, бізге де санкциялар салуға шақырған болатын. Сол резолюцияда:

"Адамдар өздерінің саяси, діни және басқа да көзқарастарын еркін білдіре алуы керек" деп жазылған.

Тіпті, Еуропарламент Қазақстан Үкіметіне осы еркіндікке кепілдік беру үшін бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңға өзгертулер енгізуді ескерткен. Басқаша айтқанда, кәдімгідей доқ көрсетіп отыр. Ал ҚР СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров ҚазАқпаратқа берген сұхбатында ол жөнінде басқаша ақталды.

"Біздің көзқарасымыз бойынша, резолюция мәтіні елдегі шынайы жағдайды бұрмалап көрсеткен және оны теріс ұстанымдағы саясаткерлер деструктивті орталардың жалған ақпараттары негізінде ұсынған. Қазақстан мақсатты түрде адам құқығы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асырып келеді", - деді ол.

Содан көп ұзамай, билік енесіне қарсы "Келін саған құл емес!" деген ұран жазып алып, жұлқынған әйелдердің көшеге шығуына дереу рұқсат бере қойды. Ендігі кезекте қызтекелер шеруі тұрса да таңғалмаймыз. Өйткені, санкциясын "жылмаңдатып" отырған Еуропалық одаққа "Міне, бізде де демократия бар" деп есеп беру керек қой. Сөйтіп әйелі ерін, келіні ата-енесін, баласы ата-анасын адам құрлы көрмейтін азғындықты насихаттаған сайын мұхиттың арғы бетіндегі қырағы көздерге "сүйкімді" болып көріне түсеміз. Дәл қазіргі қоғам сиқынан бұған алып-қосар ештеңе көріп тұрған жоқпыз.

Тағы оқи отырыңыз: "Ұлымыз ер, қызымыз қыз құшақтап келсе, не істейміз?" - Жұлдыз Әбдікәрімова

Әйтпесе, Еуропарламент бұл билікке "әйелдерің әсіребелсенділік танытып, жеке басының мүддесін көздесін" деген жоқ. Керісінше, 2020 жылдың қараша айында өткен депутаттар сайлауы қарсаңында "Адам құқықтарын қорғау бюросы", "Халықаралық құқықтық бастама", "Медианет халықаралық журналистика орталығы", "Эхо", "Еркіндік қанаты" сынды бірнеше ұйымның аяқастынан салықтық тексеруге алынғанын, көбіне айыппұл салынып, 3 айға дейін жұмысын тоқтату туралы сот шешімдері шыққанын "көзге шұқып тұрып көрсетті". Енді қайталанбасын деп. Себебі, елдегі құқық қорғаушылар мен түрлі ұйым өкілдері бұның саяси астары бар екенін меңзеп, халықаралық деңгейде шу шығарған болатын. Ал биліктің шетел көріп келген шенеуніктері "Ымға түсінбеген дымға түсінбейді" дегеннің керін келтіріп, Қазақстанда да әркімнің бір-бір қағазды жалпылдатып көшеге шыға алатынын дәлелдегісі келеді. Біржыныстылардың "береке-бірлігін" дәріптеуді дәреже көреді. Ал "Шаш ал десе, бас алатын" шенділері арқылы көпбалалы аналар мен қарттарды күннің ыстығы мен суығында далада жарты күн қоршауда ұстап, сосын дедектетіп апарып автозакқа тиеп жатқандарымен шаруасы жоқ.

Ерік ЕЛЕУСІЗ