Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Біздің шамымызға тиді": Экология министрлігі спорт өкілдерінің даулы суретін тексерді

...Жанқош Тұраров Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновпен бірге түскен суретін жариялады. Оның кеңсесінде жабайы аңдардың терісі мен тұлыбы жеткілікті. Ол оның бәрін қайдан алды?..

"Біздің шамымызға тиді": Экология министрлігі спорт өкілдерінің даулы суретін тексерді
фото: коллаж

Әлеуметтік желіде Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов пен белгілі боксшы Жанқош Тұраровтың бірге түскен суреті пайда болды. Сурет желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырды. Себебі академия басшысы мен спортшы суретке Қызыл кітапқа енген аң-құстардың тұлыбымен және терілерімен түскен, деп жазды paryz.kz.

Ол туралы алдымен Орман шаруашылығы комитетінің бұрынғы өкілі Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook-тегі парақшасына жазған болатын. Ол Жанқош Тұраровтың Instagram-дағы жазбасынан скриншот жасап алыпты.

"Соңғы кезде желіде барыстың терісін жиі кездестіруге болады. Оны қалай алғанын ешкім білмейді. Бүгін спортшы Жанқош Тұраров Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновпен бірге түскен суретін жариялады. Оның кеңсесінде жабайы аңдардың терісі мен тұлыбы жеткілікті. Ол оның бәрін қайдан алды?", - дейді Сәкен Ділдахмет.

Сондай-ақ ол Экология министрлігі қызметкерлерін осы жазбаға назар аударуға шақырды. Көп ұзамай, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева өзінің Facebook-тегі парақшасында бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.

"Бұл суреттер біздің шамымызға тиді. Мұндайға жол беруге болмайды. Біздің ортақ міндетіміз – Қызыл кітапқа енген тіршілік иелерінің популяциясын қорғау және сақтау, оларды күнделікті зат ретінде пайдаланбау. Суреттерде барыстың, сілеусін мен арыстанның терісі бейнеленгеніне назар аудардық", - деді ол.

Баспасөз хатшысының айтуынша, фотосуреттердің біздің елде немесе шетелде түсірілгенін анықтау керек. Өйткені Қазақстанда арыстандар мекендемейді.

"Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық инспекциясы суреттегі барыстың терісі бар-жоғына қатысты жағдайды тергеу және тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жүгінеді. Біз бұл мәселені бақылауда ұстап, азаматтарды хабардар етіп отырамыз", - деді Самал Ибраева.

Оған қоса, ол барыс Қазақстанның Қызыл кітабына енген аң екенін баса айтты. Елімізде оны аулауға қатаң тыйым салынған. Соны кейін түсінсе керек, қазір боксшының өзі суреттерді парақшасынан өшіріп тастаған. Алайда бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мынадай хабарлама жариялады:

"Бұл жарияланымдарды Алматы облысының экология инспекциясы зерттеді және материалдар 2021 жылғы 20 қаңтардағы №03-10/86 хатымен ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы ("Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану") бойынша Алматы қаласының Полиция департаментіне жіберілді".

Тағы оқи отырыңыз: Киік пен күйек: мүйізі үшін қатарын сиреткен текелер қырылып жатыр (ВИДЕО)

Айтпақшы, Самал Ибраеваның "Бұл суреттер біздің шамымызға тиді" деген жазбасы астына Қуаныш Кенжебекұлы атты азамат:

"Міне, мына сурет шамыңызға тимей ме? Сіз әлі барыс терісіне қатысты толыққанды түсінік беріп тұрған жоқсыз", - деп елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыйлы қонағының иығына барыс ішік жауып тұрған суретін сала қойды.