Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылар": Ләззат Танысбайдың бұнысы несі?!

Мұхамеджан Тазабекке сая болуды білген Ләззат Танысбай сұхбаттасушысының биыл ғана сол коронавируспен сырқаттанып, емделіп шыққанын естен шығарып алған сияқты...

"Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылар": Ләззат Танысбайдың бұнысы несі?!
фото: коллаж

Кеше "Қазақстан" ұлттық арнасының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алды. Тікелей эфир емес, әрине. Қырнап-жонып, жұп-жұмыр етіп шығаруға тырысқан дайын сұрақ-жауап қой баяғы. Жә, ол жағы енді 30 жылдан бері жаңалық емес. Мәселе сол сұхбаттасушы екеудің әлемдік індет өршіп тұрған кезде сақтық шараларын сақтамауында болып тұр.

Байқасаңыз, басында сырттан кіріп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Ләззат Танысбай жұдырық түйістіріп амандасады. Ал сол сәтті көрсеткен ұлттық арнаның шекесінде #СаулықСақтықта деген жазу тұр. Жарайды, олар осылайша қол алыспай, жұдырық түйістіріп "сақтанды" делік. Құдды, вирус қолдың сырт жағында емес, тек алақанда ғана болатындай. Оған қоса, екеуінің де беттерінде маска жоқ.

Одан кейін арна басшысы мемлекет... тойыс, елбасына жақындап барып, оған алдындағы ноутбуктан әлденені көрсетіп тұр. "Келесі жауабыңыз мынау ғой" дегендей. Арақашықтық та сақталмаған. Елбасының өзі жиі айтатын "Заң алдында адамның бәрі бірдей" деген "тәмсілін" ескеріп, екеуіне де айыппұл салу керек-ау, ә?..

Бұл ретте, Мұхамеджан Тазабекке сая болуды білген Ләззат Танысбай сұхбаттасушысының биыл ғана сол коронавируспен сырқаттанып, емделіп шыққанын естен шығарып алған сияқты ма, қалай? Әйтпесе, ДДСҰ мамандарының "Жазылып шыққан адам бәрібір вирус тасымалдаушы болып қалады" деген мәлімдемесін қатардағы тілші емес, білдей бір республикалық корпорацияның "екі тізгін, бір шылбырын" ұстап отырған басшы жақсы білуі тиіс еді.

"Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады" дегендей, ол енді өзін аямаса да халқы "алақанында аялап" ұстап отырған ақсақалдың жағдайын ойласа қайтеді екен? Дәрігерлер 65 жастан асқан қарттардың маска тақпақ түгіл, есігінің алдына серуендеуге шығуына болмайтынын Құдайдың құтты күні зарлап жатыр ғой. Тіпті, жасы келген адамға екі рет ауырудың қауіп екені де айтылуын айтылуда. Құдай бетін әрі қылсын, "елі сүйген, елін сүйген елбасымыз" олай-бұлай болып кетсе, масқара емес пе?!

Ал елбасы болмаса, президент қайтпек?! Оның өзінің президенттіктен кетсе де Тоқаевқа ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңес беріп отыратынын айтқаны ел есінде. Кеше "Хабарға" берген сұхбатында "Әбілязовтың ұрлап әкеткен қаржысын қайтарамыз" деп "жұдырық түйіп" отырғанын да көрдік. Сондай-ақ, "Әлі тыңмын, мемлекеттік істен мүлде қол үзіп қалмақ емеспін" дегенді жиі айтып жүр. Ал сондай өмірде өз орны бар кісіге адам деген мынадай "маска режимі" қарсаңында маскасыз ентелеп, арақашықтық сақтамай, ноутбук экранын шұқып көрсете ме? Үстелдің қарсы бетінде отырып, ауызша айта салса да болар еді ғой, иә?

Жалғыз Тоқаев емес, сол кісінің арқасында сырттан тарихи Отанына оралған миллиондаған қандас отыр емес пе, тілеуін тілеп?!

Ол кісі болмаса, Несіпбек Айтұлынан Балтабек Нұрғалиевке дейінгі зиялы қауым қайтіп күнкөреді?

Ол кісі болмаса, "Нұр Отан" партиясы қалай жұмыс істейді?!

Ол кісі болмаса, ТМД бойынша бізде ғана бар Қазақстан Халқы Ассамблеясы алаулатып-жалаулатып кәнсерт қоя ала ма?! Олардың қолдарынан келетін ісі сол ғана ғой!

Ол кісі болмаса, өз "қолтаңбасы" – астананың құрылысы тоқтап қалмай ма?!

Ол кісі болмаса, гендерлік саясатты сес тұтқан әйелдер карьера қуып, билік басында отыра ма?!

Ол кісі болмаса, дамыған 50 елді артқа тастап, 30 елдің қатарынан бір-ақ шыға аламыз ба?!

Ол кісі болмаса, 30 жыл бойы көмек сұрап әдеттеніп қалған көпбалалы аналар зарын кімге айтады?!

Тағы оқи отырыңыз: Осы жұрт "Тәлім trend жабылсын!" дей бергенше, Танысбай да кетсін демей ме?!.

Ол кісі болмаса... Артында осындай амандығын тілеп, өзіне үміт артқан дүйім жұрты тұрғанда, "ауырып тұрдым, аунап тұрдым" дегендей, қаннен-қаперсіз жүре беретін ол кісі де аңқау екен тегі! Ел-жұрты үшін ол кісінің коронавирус өршіп тұрғанда маскасыз жүргені – соғыста каскасыз жүргенмен бірдей ғой, ойбай-ау! Ләззат-ау!

Ерік ЕЛЕУСІЗ