Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Осы жұрт "Тәлім trend жабылсын!" дей бергенше, Танысбай да кетсін демей ме?!.

"Танысбай тайғақтайтын болса, ол жерде неменеге отыр?" деген сұрақты Тазабекке қарсылардың біреуі көлденең тартып көрген жоқ әлі.

Осы жұрт "Тәлім trend жабылсын!" дей бергенше, Танысбай да кетсін демей ме?!.
фото: коллаж

Мұхамеджан Тазабектің "Қазақстан" арнасындағы "Тәлім trend" бағдарламасының жабылуын талап етушілер көп. Енді қазір "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі Ая Өміртай "Тәлім trend жабылсын!" деген қатырма қағазын төбесіне көтеріп алып, Алматыда ағаштары оталған Sulpak сауда желісі ғимаратының маңында жүр. "Бәрібір Тоқаевтың көзі осы жерге түседі ғой" деп ойлапты.

Шырағым-ау, Тоқаев сен жәшіктің бір шетін жыртып алып шырылдап жүр екен демес енді! Ол тағы не болып жатыр екен деп телміріп, Sulpak-қа қарап отыра беретін болса, әркім өз талабын айтып, сол жерде жиі ереуілдетіп тұрсын да ендеше!

"Мемлекеттің басты міндеті – адам құқықтарын сақтау, қорғау. Ендеше конституциялық құқығымызға қарсы идеяларды әсіредіншілдік көзқарас тұрғысынан уағыздап жатқан Ұлттық арнадағы "Тәлім trend" бағдарламасының жабылуын сұраймыз. "Өзі кім, сөзі кім?" деп мені менсінбей отырсыздар ма? (Көзге ілмей, менсінбей жүргендеріңізді кездейсоқ біліп қалдым өзім де. "Неге ешкім үндемейді?" деп таң-тамаша боп жүрсем, ащы шындық осындай екен). Мен кішкентай қыз емеспін және біреудің айтағымен жүрген жоқпын. Мен адаммын және өз ұстанымым бар. Ал кері ықпалы болатынын біле тұра, аталған бағдарламаға қатысты пікірін саналы түрде білдіріп жатқан замандастарымызға мың мәрте алғыс!" - дейді Ая Өміртай.

Қызық, неге жұрттың бәрі тек бағдарламаны жабылсын дей береді?! Ал оның эфирге жол тартуына мүмкіндік беріп отырған арна басшысына шаң жуытқысы келіп отырған бірі жоқ осылардың! Демек, неліктен Тазабекті "Тәлім trend"-імен төрге оздырған Ләззат Танысбай орнын босатсын демеске?!

"Жоғары жақ енді естімесе, көрмесе, білмедім. Қалай ойлайсыздар, ести ме?" - депті сол "жоғары жақтың" бас газетіндегі тілші. Ая-ау, сәләфизм идеологиясына қарсы "жанайқайыңды" жеткізгің келсе, саған егемендік басшылар газеттің бір пұшпағынан орын беріп қалмас па екен? Сол жағын неге сұрап көрмедің? Ал сенің айтқан жоғары жағыңның көзіне басыңнан жоғары көтерген шағымың түсуі мүмкін, бірақ, ол бағдарламаның жоғары жағында отырған, ешкім ештеңе дей алмайтын ханым несімен күшті екен? Осы жағын да ойлап көрсеңдерші кішкене!

Мысалы, сол ұлттық арнаны Ерлан Қарин басқарып отырғанда, бір бағдарламадан да үлкен мәселелерге жауап берді ғой. Ол сонда айтқысы келгенін айтып, істегісі келгенін істей алатұғын. Білуімізше, "Қазақстан" ұлттық арнасының атынан сөз алған Қаринге министрдің өзінің "тісі батпайтын". Енді сау ақылға салып көрсек, Ләззат Танысбай да сол Ерлан Қариннің орнында отырған басшы емес пе?! Әлде, Тазабек пен "Тәлім trend"-тің арқасында "қара пиардың – өзі пиар" деп отыр ма екен?

"Танысбай тайғақтайтын болса, ол жерде неменеге отыр?" деген сұрақты Тазабекке қарсылардың біреуі көлденең тартып көрген жоқ әлі. Олай етсе, арна басшысын жан-жақтан атойлап қорғай кететін бес-алты блогерден тайсақтай ма екен, ә?.. Міне, гәп осында! Алайда, Ая сынды эмоцияның адамдары шортан қармақты шабаққа салып отырғанға мәз...