Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қырғыз шерушілері экс-президент Алмазбек Атамбаевты түрмеден босатып алды (ВИДЕО)

Алмазбек Атамбаев былтырғы жаздан бері қамауда отырған болатын.

Қырғыз шерушілері экс-президент Алмазбек Атамбаевты түрмеден босатып алды (ВИДЕО)
фото: sputniknews.kz

Қырғыз Республикасының астанасындағы наразылық білдірушілер "Ақ үйге" басып кіріп, экс-президент Алмазбек Атамбаевты ҰҚК тергеу изоляторындағы қамаудан босатып алды, деп хабарлады paryz.kz.

РИА Новости мәлімдеуінше, наразы топ Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратын қоршап алып, департамент әкімшілігімен келіссөз жүргізген. Нәтижесінде, Қырғызстанның бұрынғы президентін шығарып алды. Еске салсақ, Алмазбек Атамбаев былтырғы жаздан бері қамауда еді.

Оған қоса, кеше кешкі сағат 20.00-ден басталған құқық қорғаушылармен ашық қақтығыстың соңы шерушілердің "Ақ үйге" басып кіруімен аяқталды. Куәгерлердің айтуынша, оған дейін "Ақ үйден" бір топ көлік тізбектеліп шығып, ғимаратты тастай қашқан.

"Ақ үйге" басып кірушілер "Ештеңені сындырма" деп бір-бірін ғимараттың ішін тас-талқан етпеуге шақырғаны бар. Олардың арасында Атамбаевтың ұлы Қадыр Атамбаев та болыпты. Алайда, арасында бірнеше адам Жогорку Кенештегі депутаттар кабинеттерінің есігін бұзып кіріп, оргтехниканы сындырып, дүние-мүлікті талқандаған, кітап-қағаздарды өртеген. Сондай-ақ, сувенирлер мен құнды бұйымдарды талан-таражға салып, тасып әкеткен.

Жағдайдың ушығып кетуіне байланысты, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков түнгі сағат 2.00 шамасында Бішкекке жетіп, барлық саяси күштермен жеке диалог орнатуға тырысқанымен, ол әрекетінен еш нәтиже шықпаған.

Әзірге елдегі болып жатқан тәртіпсіздікке қатысты ел басшылығынан ешкім әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.