Жұмыс берушілер 15 шілдеге дейін қызметкерлеріне вакцинаның бірінші дозасын салғызуы тиіс, 15 тамызға дейін екінші дозасын алады
Мәскеуде коронавирусқа қарсы вакцина салудан бас тартып, жұмыстан шеттетілген қызметкерлерге айлық төленбейді. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб өкілдері хабарлады.
"Азаттық радиосының" жазуынша, Жұмыс істемеген аралық еңбек кітапшасына енбейді, демек ақылы демалыс кезін есептеген кезде де ескерілмейді. Вакцинаға байланысты жұмысқа бара алмағандар жұмыстан себепсіз қалғандар қатарына кіреді.
Егер қызметкер вакцинадан бас тартатынын жазбаша түрде растамаса, онда компания немесе мекеме акт толтырып, оқиғаны тіркеуі тиіс. "Жұмыс беруші ондай қызметкерді жұмыстан шеттете алады" деді жедел штаб өкілдері. Заң бойынша, олар қашықтан жұмыс істеу режиміне көше алмайды, алайда бұл мәселе ерекше жағдайларда басқаша шешілуі мүмкін.
Маусым айының басында Ресейде коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген. Елде вакцина алғандардың үлес салмағы аз. 16 маусымда Мәскеу билігі, артынша өзге аймақтар қызмет көрсету, көлік, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласында істейтін қызметкерлердің 60 пайызы вакцина салдыруы тиіс деп мәлімдеген.
Жұмыс берушілер 15 шілдеге дейін қызметкерлеріне вакцинаның бірінші дозасын салғызуы тиіс, 15 тамызға дейін екінші дозасын алады.
Ресей заңы бойынша вакцинаны салдыру-салдыртпау әр адамның еркі. Заңгерлер вакцинаны міндеттеу заңсыз екенін алға тартады. Кремль міндетті вакциналауға қарсы екенін мәлімдеген. Алайда сонымен бірге аймақ билігінің шешімдерінің қолдайды. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков вакцина алмағандар бәрібір "алалауға ұшырайды" деп айтқан.