Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

Еуроодақ Беларусь ұшақтарын қабылдауға тыйым салды

Еуроодақ Минскіні Александр Лукашенко режимін сынап жүрген Протасевичті ұстау үшін экипаж мүшелерін алдап, қондырды деген айып тағуда...

Еуроодақ Беларусь ұшақтарын қабылдауға тыйым салды
фото: ашық дереккөз

Еуроодақ Беларусь әуе компаниялары рейсін қабылдаудан ресми түрде бас тартып,  шешімді жұма күні Брюссельде Еуроодақ елдері елшілері ресми түрде бекітті деп хабарлайды Paryz.kz

Orda.kz сайтының жазуынша, 23 мамырда Ryanair ұшағы Минскіге мәжбүрлі түрде қондырылған. Ұшақ ішінде  болған оппозициялық блогер Роман Протасевич ұсталған болатын. Енді Еуроодақ осыған жауап ретінде  шектеу енгізді.

Еуроодақ Минскіні Александр Лукашенко режимін сынап жүрген Протасевичті ұстау үшін экипаж мүшелерін алдап, қондырды деген айып тағуда. Негізінен онсыз да Беларусьтің мемлекеттік "Белавиа" әуе компаниясының Еуроодақ елдеріне ұшпағанына бір аптадан асып кеткен. Одаққа мүше елдердің көпшілігі олардың келуіне тыйым салған.

Еуропаның әуе компаниялары қазір Беларусьтің әуе кеңістігін айналып өтіп кетіп жүр. Еуроодақ жетекшілерінің саммитінде осындай нұсқау берілген. Қағаз жүзінде мұндай шешім бекітілмегенмен Еуроодақ әуе компанияларының барлығы аталған нұсқаумен келіскен. Басқа елдер де "Белавиа" ұшақтарын қабылдаудан бас тартқан.

Беларусь әуе компаниясы да күзге дейін Еуроодаққа ұшпайтынын хабарлап, тек Ресей, Түркия және өзге ЕО кірмейтін елдерге ұшуда.

Еуроодақ елдері Протасевичтің ұсталуына байланысты Минскіге жаңа санкция салу мүмкіндігін қарастыруда. Беларусь мемлекеттік телеарнасы бейсенбі күні Протасевичпен болған сұхбатты жариялады.

Видеода оппозициялық журналист "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғанын" мойындаған. Дегенмен Лукашенконың қарсыластары мен Протасевичтің ата-анасы видеоны қысыммен түсірген деп санайды.