Үндістандық крематорий коронавирустан қайтыс болғандарды өртеп үлгермей жатыр

Елде вирус жұқтырғандар 17 миллионнан, ал көз жұмғандар 195 мыңнан асып кетті.

Үндістандық крематорий коронавирустан қайтыс болғандарды өртеп үлгермей жатыр
Фото: Reuters

Үндістанда күніне 350-нан аса адамнан вирус табылып жатыр. Бұл ел бір күнде вирус табылғандар саны бойынша әлемдік рекордты бірнеше рет бұзды. Елдегі ауруханаларда орын мен оттегі тапшы. Крематорийлер де мәйіттерді өртеп үлгермей жатыр.

ҮНДІСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Үндістанда ресми түрде бір күнде, 25 сәуірде 352 мыңнан аса адамнан вирус табылып, 2812 адам Covid дертінен қаза тапты. Елде вирус жұқтырғандар 17 миллионнан, ал көз жұмғандар 195 мыңнан асып кетті. Бірақ вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар ресми статистикадан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі кедей аймақтарда тест тапсыру және медицина сапасы төмен.

Үндістан қалаларындағы ауруханалар орын мен оттегі жетпей, науқастарды қабылдап үлгермей жатыр. Делидегі ауруханалар маңына "орын жоқ, оттегі жоқ, кешірім сұраймыз" деген жазбалар іліп қойған. Дәрігерлер ел медицинасы коллапсқа ұшырады деп дабыл қағып жатыр.

Covid ауруына шалдыққан адам жедел жәрдем ішінде ауруханадан орын күтіп отыр. Ахмедабад, Үндістан. 20 сәуір 2021 жыл.

Науқастар дәрігер алдында сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Кейбір адамдар сол кезекте тұрып, көз жұмып жатыр. Дәрігерлер халі өте ауыр адамдарды аман алып қалу үшін науқастарды толық емдемей шығаруға көшті.

Әлеуметтік желіде ауруханадан орын таппай көз жұмған туысын жоқтағандардың суреттер көп жарияланды. Крематорийлерде мәйіттерді өртеп үлгермей жатыр.

ҮНДІСТАНДА ЖАҒДАЙ НЕГЕ УШЫҚТЫ?

Биыл жылдың басында Үндістан билігі коронавирусты жеңдік деп мәлімдеген. Ақпанның ортасында елде вирус жұқтырғандар саны күніне 11 мыңға дейін төмендеген. Наурызда елде екпе салу науқаны басталып, денсаулық сақтау министрі "пандемияның финалына жеттік" деген.

Көктемде елде түрлі діни фестивальдер, сайлауалды кампаниялар, спорт жарыстары ұйымдастырылып, мыңдаған адам жиналды. Мәселен, сәуірдің ортасында елде Кумбха Мела фестиваліне миллиондаған адам қатысып, Ганг өзеніне суға түскен.

Үндістандағы Кумбха Мела фестиваліне қатысушылар. 11 сәуір 2021 жыл.

Бұдан бөлек, наурызда крикеттен Үндістан мен Англия арасындағы ойынды стадионан 50 мыңнан аса адам тамашалаған. Сондай-ақ елде вакцина салу да баяулап кеткен еді. Сарапшылар осы жайттар елдегі вирустың өршуіне себеп болды деп санайды.

БАСҚА ЕЛДЕРДІҢ КӨМЕГІ

АҚШ Үндістандағы вирустың өршуіне алаңдаушылық білдірді. 25 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Үндістанға екпе жасайтын сұйықтықтар мен қорғаныш құралдарын, коронавирус тестін жолдамақ.

Үндістанға Ұлыбритания да оттегі және жасанды тыныс алу аппараттарын жібермек. Франция да оттегі жолдамақ. Еуропа одағы да Үндістанға медициналық құралдармен көмек қолын созбақ.

Коронавирус құрбандарын шаппай өртеу. Дели, 22 сәуір 2021 жыл.

Бұдан бөлек, әлемнің көптеген елі Үндістанмен әуе қатынасын тоқтатып, шекараларын жауып жатыр. Бангладеш бүгін, 26 сәуірден бастап Үндістанмен шекарасын жапты. БАӘ, Канада, Германия, Нидерланды Үндістаннан ұшақ қабылдауды тоқтатты.

Дереккөз: Азаттық радиосы