Шекарада қалған қазақстандықтарға ингуштар тайқазанмен тамақ істеп берді (ВИДЕО)

"Бауырлас қазақстандықтарға қалай да көмектесуді ойладық. Себебі біз олардың 1944 жылы біздің әкелерімізге, аталарымызға жасаған жақсылықтарын ұмытпадық. Сондықтан, бауырлар, сіздерге рахмет", - деді жергілікті азамат.

Шекарада қалған қазақстандықтарға ингуштар тайқазанмен тамақ істеп берді (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Ингушетия республикасы Назрань қаласының тұрғындары тасжолда қалып қойған қазақстандық жүк көліктерінің жүргізушілеріне тайқазанмен кешкі ас дайындап берді, деп хабарлады paryz.kz.

Жүргізушілердің бірі өздеріне кешкі ас дайындап жатқан жергілікті ер-азаматтарды видеоға түсіріп, Instagram желісіне жариялаған. Оның айтуынша, қазақстандық біраз жүргізуші Назрань қаласынан бірнеше шақырым, ал шекарадан 70-80 шақырымдай жерде тұр. Ал жергілікті тұрғындардың бірі жүргізушілердің жолда тұрғанына үш күн болғанын айтты.

"Біздің бауырларымыздың мына жерде ешқайда шыға алмай тұрғанын көрдік. Көмектесейік деп ойладық. Үйімізге жақын жерде болса, үйге алып барар едік. Бірақ олар федерал тасжолда, үйімізден алыс жерде тұрғандықтан, жолда ыстық тамақ істеп, бауырлас қазақстандықтарға қалай да көмектесуді ойладық. Себебі біз олардың 1944 жылы біздің әкелерімізге, аталарымызға жасаған жақсылықтарын ұмытпадық. Сондықтан, бауырлар, сіздерге рахмет", - дейді жергілікті азамат.

Видео сипаттамасында роликтің 19 наурызда түсірілгені жазылған.